Жол жүру құны қымбаттай ма?
Қостанайдағы қалалішілік автобустарда жол жүру құнын көтеру мәселесі соңғы жылдары жиі көтеріліп жүр. Тасымалдаушы кәсіпорындар тарифтің төмендігінен зардап шегіп отырғандығын айтып шағымданудан жалығар емес.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында бұл мәселе тағы алдан шықты. Тараптар әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарын субсидиялау мәселесін қаузап көрді.
Естеріңізде болса, 2015 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жолаушылар тасымалдаушы кәсіпорындардың шығындарын өтеу ережесін бекіткен. Осыған сәйкес әкімдіктің бекіткен тарифі нақты жол жүру құнынан әлдеқайда төмен көрінеді Ал қала ішінде әлеуметтік маңызы бар деп танылған бағыттың жоқтығынан субсидия мәселесі әлі күнге дейін көтерілген жоқ. Жолаушылар тасымалының тізгінін ұстап отырғандар осыған наразы.
Мәселен, қазір Қостанайда жол жүру құны 80 теңге. Шығынсыз жұмыс істеу үшін, ескі машина паркін жаңарту үшін (386 автобустың 97% -і жеті жылдан артық пайдаланылғандықтан әбден тозығы жеткен) ол 140 теңге (кондукторсыз) немесе 164 теңге (кондуктормен) болуы тиіс. Бұл жерде тек екі таңдау тұр – не жол жүру құнын көтеру керек, иә болмаса маршруттарды бюджеттен субсидиялау.
Қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Нұрдәулет Бейсеновтың айтуынша, ең алдымен нақты жолаушылар ағынын есептеп алған жөн. Сосын барып валидаторлар орнатқан абзалы. Жергілікті әкімдік 300 құрылғы сатып алуға тапсырыс берген. Бірақ егер оны орнатқанмен де жол жүру құнының жүктемесі ең аз дегенде 6% -ке ғана өседі. Қайтпек керек? Осы жерде пікірлер қаққа жарылды.
«Атамекен» ҰКП облыстық филиалының директоры Мұрат Әбенов жолаушылар ағынын есептеу – мәселені шешудің төте жолы деп есептейді. Ал кеңес төрағасы Владимир Шакун заң бойынша әлеуметтік маңызы бар бағыттар субсидиялануы тиіс дегенді алға тартады. Егер ол бекітілмесе, әкімдіктегілердің жауапкершілігі туралы мәселені күн тәртібіне қою керек. Өткен жылдың қазан айында әкімдіктерге тарифтік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру және тасымалдаушыларды субсидиялау үшін 2020 жылға қаражат бөлу мәселесін қарастыру тапсырылған. Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр 1- ақпанға дейін уақыт берді. Ол орындалмайтын болса, тиісті адамдар жауап береді.
«Рудныйавтотранс» ЖШС құрылтайшысы Ботагөз Бөпетаеваның айтуынша, Рудныйдағы жағдай бұдан да күрделі. Қалалық әкімдік ешқандай қосымша төлемсіз кәсіпорынды ССКӨБ жұмысшыларын әрлі-берлі тасымалдауға мәжбүр еткен. Бұл ЖШС үшін қосымша жүк. Кәсіпорын басшысы жолаушылар тасымалы мәселесін, оның ішінде қала сыртындағы бағыттарда қалыптасқан жағдайды бүгін шешу қажет дегенді меңзейді.
Әлібек ЫБЫРАЙ