121 адам жолда қалған
Өңірімізде қар құрсауында қалған көліктерді құтқару операциялары жалғасуда. Қалың қар, көз аштырмас бұрқасын, қалың тұманға байланысты қаңтардың 22-сі мен 23-не ауған түні аймақта 13 құтқару операциясы өтті. Құтқару жұмыстары Қостанай, Денисов, Алтынсарин, Әулиекөл және Бейімбет Майлин аудандарында толастамай тұр. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы хабарлайды.
«Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару отряды, аумақтық бөлімдерінің қызметкерлері қар құрсауында қалған 121 адамы бар 23 техниканы құтқарды. Олардың арасында 6 бала бар. Зардап шеккендер жоқ», – делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.
Аймағымыздағы күрделі ауа-райына және қардың мол түсуіне байланысты республикалық маңызы бар жолдардың 5 аумағында және облыстық маңызы бар жолдардың 22 аумағында көлік қозғалысына шектеу қойылып отыр.
Өңіріміздегі боран біртіндеп аязға ұласпақ. 28-нен 29 қаңтарға ауысқан түні аймақтың көп бөлігінде қар жауады, жекелеген аумақтарда қарлы-бұрқасын жүріп, тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа бағытын өзгертіп, секундына 9-14, кей жерлерде 15-20 метрге дейін жетеді. Түнде -13-18, күндіз -12-17 градус аязды көрсетпек.
– 29 қаңтарда күн ашық, кей жерлерде тұман түседі. Солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метре жетеді. Түнде -20-25С, кей жерлерде -28, күндіз -15-20, кей жерлерде -23 градусқа жетеді. 30 қаңтарда жекелеген аумақтарда қар жауады, бұрқасын соғып, тұман түседі. Солтүстік-батыстан соққан желдің бағыты оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 9-14, кей жерлерде 15-20 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде -17-22, кей жерде -25, күндіз -10-15, кей жерде -18 градус аязды көрсетеді, – деді «Қазгидромет» РМК Қостанай облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі Светлана Кан.
Қ.Қиысхан