Өлгендер санатында
Қостанай ауданындағы Майкөл ауылының тұрғыны Төлебай Айтмұхамбетов бүгін, 17 маусым күні Қостанайдағы Халыққа қызмет көрсету орталығына жүргізуші куәлігін айырбастауға арнайы келіпті. Құжаттарын тапсырып жатқанда, орталық мамандары ортақ ақпараттық база арқылы 61 жастағы азаматқа осыдан 15 жыл бұрын қайтыс болғансыз деп, тірі адамға «өлгенін» «естіртеді».
"Өзімнің төбемнен жай түскендей болдым. «Тірі екеніңізді дәлелдеу үшін тіркеуде тұрған жергілікті жерге барып, анықтама алып келіңіз», – деді. Біз досым екеуіміз Затоболдағы АХАТ бөліміне бардық. Олар тексере келе, 2004 жылғы Қостанай қалалық сотының қаулысы бойынша мені өлді деп танығанын хабарлады. Қостанай қалалық №2 сотының мені із-түссіз жоғалғандар тізіміне алғаны туралы қаулысы бар екен", – дейді ентігін баса алмаған ол.
Төлебай Айтмұхамбетов бүгін Қостанайдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының кеңсесінде өтіп жатқан «Халыққа жақындық» акциясына келіп, осы түйткілін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Қостанай облысы бойынша департаменті басшылығына жеткізді.
Анықталғандай, Төлебай Ахметов осыдан 22 жыл бұрын әйелінен кетіп қалған, бірақ олар заңды түрде ажыраспапты. Күйеуінің із-түссіз жоғалғаны туралы сотқа шағымданған да – жұбайы екен. Оның қандай мақсатта сотқа арызданғаны белгісіз. Алайда Төлебай Айтмұхамбетов: «Әйелім мені жоғалды, өлді деп 3 бөлмелі пәтерді иемденіп қалмақ ойы болуы мүмкін», – дейді.
Қазір бұл дерек бойынша барлығы тиісті органдарда тексеріледі. Ал «өлгендер тізіміндегі» азамат ҚР Мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының атына істі анықтауды сұрап, арыз жазып кетті.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қостанайдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының кеңсесінде республикалық «Халыққа жақындық» акциясы өтіп жатыр. Тұрғындар өздерінің сауалдарымен, шешілмеген мәселелерімен мұндағы түрлі сала басшылары мен мамандарынан тікелей көмек ала алады.
Қыдырбек Қиысхан