“Графтың” көмегі

Такси жүргізушісіне қол жұмсап, оқиға орнынан ізін суытқан күдіктіні ұстауға «Граф» атты қызметтік иттің көмегі тиді.
Қылмыстық оқиға Қостанай қаласындағы Орджоникидзе көшесінде болған. «Toyota Avensis» көлігіне мінген 31 жастағы жолаушы жанжал шығарып, жүргізушіні белгісіз затпен ұрып жарақаттап, белгісіз бағытқа қашып кеткен. 47 жастағы жәбірленуші өз еркімен полицейлерге хабарлап үлгереді. Оқиға орнына тәртіп сақшылар, сондай-ақ инспектор-кинолог Руслан Қайралапов «Граф» атты итімен жеделдетіп жетеді.  
«Қылмыс жасалған жерге келісімен көлік жүргізушісінен оқиғаның егжей-тегжейін сұрап алдым. Содан кейін оқиғаның нақты болған орнынан иісшіл итті іске қостым. «Граф» 30 метрдей жүріп барып, қараңғыда әлдекімнің сұлбасын көріп, үре бастады», – дейді кинолог.
Көшенің қараңғы қалтарысына жасырынып тұрған күдіктінің өзі болып шықты. Ер адам полицейлерден бой тасалауға тырысқан.
«Ол Баймағамбетов көшесіне қарай қашты. 300 метрдей жерде оны Граф екеуміз қуып жетіп, қолға түсірдік. Одан соң кезекші бөлімге хабарладық. Ол жерге патрульдік қызмет өкілдері келіп, күдіктіні полиция бөлімшесіне жеткізді», – дейді Р.Қайралапов.
Кейін Руслан итімен оқиға орнына қайта келіп, тағы да іздеу шараларын жүргізген. Нәтижесінде 300 м радиустан күдіктінің құжаттары салынған портмоне табылыпты. 
Жәбірленуші қалалық ауруханаға жеткізілді. 
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдіктінің алкоголь тұтынғаны анықталды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓