ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНДА – ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ
Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті. Қырғыз жазушысы Мар Байжиевтің «Дуэль» («Судағы із…») драмасының желісімен қойылған жаңа пьесаны сахналаушы – жас режиссер Дос Құбаш.

Драмаға ауыр тағдыр арқалаған үш адамның теңіз жағасында табысуы арқылы өрбитін қайшылыққа толы оқиғалар арқау болған. Режиссер «Адам өмірінің мәні неде?» – деген мәңгілік сауалға осы үш кейіпкердің адами болмысы мен олардың арасында туындайтын қарама-қайшы сезімдер арқылы жауап табуға ұмтылады.





Сүйіспеншілік пен қатігездік, ерлік пен қорқаулық, адалдық пен опасыздық, өмір мен өлім тартысқан драмалық шығарма көрерменді бей-жай қалдырмайды. Ойландырады. Күнделікті күйбің тіршіліктің көлеңкесінде қалып қоя беретін адами асыл қасиеттер туралы пәлсапалық ойларға жетелейді.

– Бұл драманы алғаш Алматыда оқып жүргенде Жасөспірім көрермендерге арналған театрда көрдім. Өзімше сахналап көру туралы арман сол кезде-ақ пайда болды. Түпнұсқаны біраз қысқартып, көрерменді жалықтырып алмауға тырыстым. Бұл туынды өлмейтін, өшпейтін махаббат тықырыбына арналған, – дейді ескі де жаңа драманың қоюшы режиссері Дос Құбаш.

Нұрқанат Құлабаев
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев.