ЕДІЛДЕН ЭЛЬБАҒА дейін Жаяу барған қатардағы жауынгер Жұмағали Күдесұлы туралы сөз
Соғысқа дейін Дәңгірбай ауылында ел қамын ойлап, жастарға ақылын айтып, қамқоршы болып отыратын Мағамбет Күдесов деген ақсақал осы шағын колхоздың басқармасы болыпты. Бұл аққұба, орта бойлы, мінезі салмақты, ойлап сөйлейтін, үлкен-кішіге беделді кісі екен. Мәкең кейбіреулердің бұл ауылды Мағамбет ауылы дегенін естіп қалғанда, оларды түзетіп, “Дәңгірбай деген атты бұрмаламаңдар, ол кісінің еңбегіндей мен бұл ауылға ешнәрсе істеген жоқпын” дейтін көрінеді.
Ал енді Жұмекеңнің өмір жолына келсек, ол 1914 жылы Жақсылық ауылында дүниеге келіп, Қарақалпақ орта мектебін тәмамдағаннан кейін туған ауылында еңбек етіпті.
Отызыншы жылдары сүттей ұйып отырған бұл ауылдарға да Кеңестің кәмпескелеу, коллективтендіру деген солақай саясатының салдары жетіп, қарапайым халық күн көріп отырған бірер малынан айырылып, күйзеліске ұшырап, елде жаппай аштық басталыпты. Ауыл іргесіндегі бүгінгі төмпешіктер, сол кезде қайтыс болған кісілердің молалары көрінеді.
Осы кезде көзі ашық ауыл азаматтары бұл күйзелістен жұртты алып шығудың жолын іздейді. Қолдарында төлқұжаттары болмаса да, бірінші болып Жүсіпұлы Төлебай, Ахметұлы Файзолла деген азаматтар Ресей қалалары, қазақтар “іш” деп атайтын жаққа жол тартады. Ешқандай та-ныстары болмаса да, еті тірі азаматтар Уфа облысындағы Белорецк қаласындағы металлургия комбинатына жұмысқа кіреді. Сауаты бар Файзолла зауыттың кадрлар бөлімін басқарады. 1932 жылы ағаларының шақыруымен 18-ге жасы жаңа толған Жұмекең де осы қалаға келеді. Бастапқыда темірді жаншып қақтау цехына қара жұмысқа орналасқан ол өзінің жұмысқа деген ұқыптылығының арқасында көп ұзамай сол цехтың шебері деген қызметке жоғарылайды. Осы үш азаматтың көмегімен елдегі күйзеліп отырған қырық отбасы әлгі қалаға көшіп келіп, аштықтан аман қалғанын Жақсылық ауылының тумасы Әбдіғали Райысов ақсақал кеңінен әңгімелейтін.
1941 жылдың желтоқсан айында Белорецк аудандық әскери комиссариаты Жұмекеңді Қызыл Әскер қатарына шақырып, майданға аттандырады.
Қазақта: “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегеніндей, қатардағы жаяу жауынгер, гвардия сержанты Жұмағали Күдесұлы от жалын ортасында жүріп өз жерімізбен қатар Шығыс Европа елдерін де жау басқыншыларынан құтқару жолында талай қасық қанын төккен кісі.
Әскердің жеңіл түрі жоқ, бірақ та майданда болған кісілер жаяу әскердің көрген ауыр күнін бір жыр қылып айтып отырады. Аш-жалаңаш, қыста қар жамылып, күздің суық жаңбырында, бораған оқтың астында Екінші Белорусь майданының жауынгері Жұмекең Еділ өзенінен Эльба өзеніне жетіп, Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы ал-ған қазақтың сирек бір жауынгері.
Соғыста ол “Қызыл Жұлдыз” орденімен, “Сталинградты қорғағаны үшін”, “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, ал тың игеру кезінде “Еңбектегі ерлігі үшін”, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін”, “Еңбек ардагері” сияқты медальдармен марапатталса да, Жүкеңнің осы наградаларды тағып түскен суреті табылмады. Жұмекеңнің тұңғышы Мақсұттың айтуына қарағанда, ол орден, медальдарды тағып, суретке түсуді ұната қоймаса керек. Тек сол сұрапыл соғыстың куәгері іспеттес Жұмекең үйінің төріндегі қабырғада кішкене жиектемеге салынған мына төмендегі екі алғыс хат ілулі тұратын. Бірінде, “Волгадан Эльбаға дейін” деп жазылса, екіншісінде, Жұмекеңе ІІ Белорусь майданының қолбасшысы Советтер Одағының маршалы К.К.Рокоссовскийдің қол қойған алғыс хаты болатын. Бұл екеуінде де “Гв. сержант Күдесов Жұмағалиға” деген сөз жазылған.
Жүкең осы қан майданда өткізген күндері туралы айтып отырғанын естіген емеспін. Тек қана бір сөзінде, 1945 жылдың 16 сәуірінде Европадағы үлкен өзендердің бірі – Одерді ұрыс сала өту ке-зінде тәуліктеп суық суда тұрғандарын, және бұл шайқаста көп адамдардың мерт болғанын айтып отырғанын естігенім бар еді. Осы қанқұйлы соғыс-тан Жұмекең аман-сау елге оралады. Келісімен аудан басшыларының көзіне түсіп, алты-жеті елді мекенді қамтитын Қоскөл ауылдық кеңесінің басшысы қызметіне ұсынылды. 1954 жылы Петропавл қаласындағы колхоз басшыларын даярлайтын екі жылдық курсын тәмамдаған оны облыстық партия комитеті Жақсылық, Дәңгірбай және Бесағаш колхоздарын біріктірген “Куйбышев” атты жаңа колхоздың басшылығына тағайындайды.
Жұмекең тек қана колхоз шаруашылығымен ғана айналыспай, әдебиет пен өнерге де ықыласы мол жан еді. “Қазанбасы” кеңшарының демалыс үйіне келген атақты деген адамдарды үйіне қонақ қылып, солармен жиі әңгіме-дүкен құратын-ды. Жүкеңнің үйінен ақын Ғафу Қайырбеков, әнші Роза Бағланова, композитор Бәкір Тәжібаев сияқты майталмандар дәм татып, ағаның әңгімесін тыңдағанының куәсі болғаным бар. Бәкір Жүкеңнің аузынан Қанапия Басықараұлы жайында көптеген тың деректерді жазып алған-ды.
1982 жылы Жұмекең дүние салғаннан кейін де оның достары жиі келіп, осы жанұяға қолдарынан келген көмектерін көрсетіп тұрды.
Ағасы Нәзиға жеңгемізбен ұзақ жыл тату-тәтті өмір сүрді. Көп күттірген тұңғышы Мақсұт та дү-ниеге келді. Оған Жүкеңмен бірге бүкіл туыс, ел болып қуанды. Одан кейін де Алла тағала берерін тоқтатқан жоқ. Бүгіндері бұл жұптан 7 бала, 21 немере, 3 шөбере тараған. Қазақта: “Сайына қарай – саласы, Әкесіне қарай – баласы”, – дегендей, ағамыз бен жеңгемізден үлгі-өнеге алып өскен балалары бүгіндері үлкенге – іні, кішіге – аға, апа. Жақсы абырой-атаққа ие болған іні-қарындасымыз тәуір қызметтерде, үбірлі-шүбірлі жүріп жатыр.
Бұл күндері Дәңгірбай ауылына кіре берістен көзіңізге анадайдан Жұмағали ағай салғызып, өмірінің соңғы кезін өткізен баяғы құтты қара шаңырақ көзге түседі. Жақсы жөндеу жұмысынан кейін бұл үйді бірден танымай да қаласың. Мақсұт әке жолын қуып осы бөлімшенің шаруашылығын көтеруге көп еңбек сіңірді – мал маманы, бөлімше бастығы болды. Енді, інілері Мақсұттан ақыл-кеңес сұрайды. Шаруашылығы да жаман емес.