Жылу торабы өртенді
Рудный қаласында жылу торабы құдығында өрт шығып, салдарынан кісі қаза тапты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.15 қаңтар күні сағат 20:48-де өрт сөндіру қызметіне Строительный көшесінің бойындағы жылу өтетін жолдың жылу торабы құдығында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер келген кезде құдықтан қою түтін шығып жатқан. Құтқарушылар өрт сөндіруге кірісіп, сағат 21:15-те тілсіз жауды ауыздықтады. Оқиға орнынан денесін күйік шалған 42 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Ол тұрғылықты мекенжайы жоқ адам болып шықты.
Өрт сөндіруге Қостанай облыстық ТЖД жеке құрамынан 8 адам және 2 техника тартылды. Өрт отты дұрыс қолданбау салдарынан (темекі шегу) басталған.