АҚ МОЛ БОЛМАҚ

Елімізде сүт және сүт өнімдері көптеп шығарылуда. Еnergyprom.kz ақпараттық порталының хабарлауынша, былтырдың қорытындысына сай осы саладағы өндіріс көлемі 2018 жылмен салыстырғанда  7% – ке өсіпті. Өсім динамикасын Алматы, Ақмола және Қостанай облыстары көрсетуде.Ақ мол болмақ
Былтыр  инфляцияның жалпы деңгейінің 5,3% болғанына қарамастан, азық-түлік тауарларының жыл ішінде 8,2% – ке, тамақ өнімдерінің – 8,1% – ке көтерілгені белгілі. Ақтың молдығына қарамастан сүт өнімдері де қымбаттағанын айта кеткен жөн. Өткен 12 айдың қорытындысы бойынша елімізде сүт бағасы да 6,8% – ке қымбаттаған. Желтоқсан айында көрсетілген деректерге сүйенер болсақ, елімізде шикі сүттің бір литрі  орташа есеппен 222 теңге, пастерленген сүт — 251 теңге саудаланған екен.
Өткен жылдың 11 айындаҚазақстан аумағында 509,3 мың тонна өңделген сүт пен кілегей шығарылған, 2018 жылдың дәл осы мезгілінде 476,3 мың тонна өнім алынған екен. Сүттің дені нақты айтқанда 30 % еліміздің солтүстік өңірлерінде өндірілетін болып шықты. Тізімнің көш басында Ақмола және Қостанай облыстары тұр. Жалпы Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстары ел тұрғындарының 4/3 бөлігін ақпен қамтамасыз етуде.
Сала мамандарының есебінше, алдағы бес жылда өнім көлемі айтарлықтай ұлғайып, экспортқа шығу мүмкіндіктері қарастырылмақ. Жоспардың жүзеге асырылуына Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің ұйғарымы себеп болып отыр. Айтулы ұйым Қазақстан үшін сүт-шикізаттың микробиологиялық көрсеткіштеріне қойылатын талаптарды қабылдау жөніндегі өтпелі кезеңін 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартқан болатын. Осы уақытқа қарай ел зертханалық базаны жетілдіруді және шикізатты бақылау тәжірибесін қоса алғанда, тиісті ұлттық жол картасына енгізілген барлық іс-шараларды орындауы тиіс. Мұндай шара өнім сапасын еуропалық стандартқа сәйкестендіріп, отандық  өнімнің өзге мемлекет өнімдерімен тең дәрежеде саудаға шығарылуын қамтамасыз етпек.
Өтпелі талаптар бойынша өндірілген сүт өнімдері (шикі сүт, майсыздандырылған шикі сүт, сүт өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын шикі кілегей, ауыз су және қалпына келтірілген сүт, қышқыл сүт, балалар тағамы, қатты ірімшік, сары майды) тек Қазақстан аумағында ғана саудаға салынбақ.
Қазақстан жаңа талаптарды енгізу мерзімін екі рет кейінге қалдырған болатын. Алғаш рет 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін, содан кейін арнайы шешім арқылы 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін уақытын ұзартқан еді. Бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан ЕАЭО-ға жаңа техрегламентті енгізу мерзімін тағы да ұзартуды жөн көрген.
Жалпы алғанда Қазақстандық өндірушілердің осы саладағы сұранысты толықтай қамтамасыз етіп отырғанын айта кеткен жөн. Өткен жылдың 10 айында отандық компаниялар ел тұрғындарының  96,3% сүт өнімдерімен қамтамасыз еткен. Экспорт көлемі де 33 % өсіпті.
 
Жұматай КӘКІМЖАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓