Облыс әкімі полицейлерді құттықтады
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 25 жыл. Кәсіби мерекелері қарсаңында облыс әкімі А.Мұхамбетов өңірдің полицейлерін құттықтап, оларға су жаңа көлік пен арендалық пәтердің сертификаттарын табыс етті.
Сонау 1992 жылы Елбасының Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілген еді. Міне, содан бері бұл күн осы салада еңбек етіп жүргендерге алғыс білдіру күні ретінде тойланып келеді. Сондай-ақ, бұл күні бейбіт уақытта елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында өз өмірлерін құрбан еткендерге де құрмет көрсету күні болып саналады. Ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлерін, жалпы тәртіп сақташыларын айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі олардың қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.
– Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес елімізде “100 нақты қадам” ұлт жоспары қабылданды. Осы маңызды құжатты жүзеге асыру аясында еліміздегі құқық қорғау органдарында үлкен реформалар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, полиция саласында үлкен реформалар орындалды. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы жергілікті полиция қызметі құрылды. Осының арқасында, биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша облысымызда тіркелген қылмыстың саны 29 пайызға азайып отыр, әрине бұл сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі. Баршаңызды бүгінгі төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, береке-бірлік, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңізге табыстар тілеймін, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Мерекеде облыс әкімі полицейлерге 30 арнайы жабдықтармен жарақталған автокөліктердің кілтін табыс етті. Оның ішінде 15 “JAC” автокөлігін жергілікті полиция қызметіне, қалған “УАЗ” автокөлігін аудандардағы кезекшілік бөлімдеріне беру жоспарланған. Облыс әкімінің айтуынша, биыл жыл аяғына дейін тағы да жиырма көлік берілетін болады. Жалпы, жергілікті биліктің қолдауының арқасында жыл сайын өңірдің полиция саласына қыруар қаражат бөлінуде. Мәселен, өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға 500 млн. астам қаржы бөлінсе, биыл 2 млрд. жуық қаражат қарастырылған көрінеді. Сонымен қатар, мерекелік шарада алты полиция қызметкері арендалық пәтерге ие болды.
-Біздің полицейлердің дені пәтер жалдап тұрады, ал кейбіреулері ата-аналарымен тұрып жатыр. Бүгінде баспанаға зәру қызметкерлеріміздің саны 800-ден асып жығылады. Бүгінгі мерекеде баспана кілттері пәтер кезігінде тұрған полицейлерге беріліп жатыр, – дейді облыстық ІІД-нің басшысы Бекет Аймағамбетов.
Салтанатты жиын барысында қызметтегі жетістіктері үшін үздік тәртіп сақшыларына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгісі табыс етілді.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суретті түсірген Айбек Жүзбай