«Қазақтар мәдениетсіз, маймылдар» деген Божконың көксегені не?
Кешелі бері әлеуметтік желілер, месенджерлер рудныйлық Кирилл Божко дегеннің YouTube каналында қазақтарға қатысты айтқан жағымсыз сөздерін ашумен талқылап, атой салып, аттан көтеріп жатыр.
https://www.youtube.com/watch?v=thDZDUOkJv0 сілтемесінде «Русская мразь из Казахстана, искать всем…» деген тақырыппен жарияланған видеода не айтылмады дейсіз. Жерімізді басып, суымызды ішіп, нанымызды жеп жүрген әлгі пәтшағарыңыз «Қазақстан – орыстың жері, менің жерім», «бұл жерге мен («мен» деп отырғаны – ата-бабасы) мәдениет, өркениет әкелген», «қазақтарды жек көрем, мен оларды жек көретінімді күнде беттеріне айтам», «қазақтар маймылдар», «қазақтар қорқақ», «тіліне түкіргенім бар» дегені былай тұрсын, қаның басыңа шабатын бұдан зор анайы боқтықтарды лақ еткізген. Божкодан сұқбат алып отырған – украиналық блогер. Мың болғыр, қайта елдің, жердің не екенін білетін украиналық блогерің адам екен – Қазақстанды, қазақтарды қорғаштап отыр. Қайтсін, елдің, жердің қадірін Украина жұртынан артық кім біледі.
Ал қазақпен бірге бір топырақты басып жүрген ана антұрған Кириллге не жорық? Ойындағысын бүкпесіз айтқан «великий русский» артымда «қалың елім – орманым» бар деген емеурін танытып отыр. Тегін «украинмын» десе де, өзін «орыс» санайды сандырақтап. Ал блогер болса Кириллге «сен ұлтыңды сатқан сатқынсың» дегенге келтіріп бетіне айтып отыр.
Міне, осы видео, әсіресе, WhatsApp мессенджерінде қолдан қолға тарап, «мекенжайы қандай?», «қайда тұрады?» деп бассыз кеткен бәлекетті іздеушілер көбейіп кетті. Тіпті, тағы бір видеода «Қостанайлық, Рудный тұрғыны шовинист Кирилл, ұсталынды» деген хабарлама жүр.
«Қостанай полицейлері облыс тұрғынына қатысты істі бастады. Әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында полиция «YouTube» каналындағы видеоны тауып, сол бойынша күдіктінің жеке тұлғасы тексерілді және анықталды. Аталған факт тіркелді, тергеу басталды. Күдіктіге 7 жылға дейін бас бостандағынан айыру жазасы қарастырылған», – деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Елена Кашарина ҚР ІІМ телеграм-каналына сілтеме жасап.
Естуімізше, намысы кернеген елдің жігіттері Божконың мекенжайын тауып, іздеп барған екен үлгермей қалыпты – полиция ұстап әкеткен. Оған дәлел – бұған дейін аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан, жер-көкке сыймай ісініп-кебінген Кириллдің кешірім сұрап сүмірейіп отырған видеосы тарай кетті. Былайша түлен түрткенін «кешегі айтқанымды мойындаймын, ешкімді ренжіткім келген жоқ, арақтың кесірі, қазақ халқын құрметтеймін» деп ақталып отыр әлгіңіз. Алғашқы видеода «қазақтың тіліне түкіргенім бар» деп лепіріп еді, мына соңғы бір минуттық таспаның аяғына қарай «қазақ халқынан кешірім сұраймын» деп 180 градусқа бұрылып шыға келді.
Жалпы, біздің елде мұндай ұлтымызға тіл тигізетін жайт алғаш рет емес. Ұсталады, кешірім сұрайды. Заң алдында жауап беріп жатқандары қаншама. Талайы итше таяқ жеп жатыр. Бірақ бетіңе көлгірсіп тұрғанмен, әсіресе «мас кезінде» біздің бір бармағын ішіне бүккен «ассамблея өкілдерінің» кейбірі былай шыға бере ойындағысын ашық білдіріп жүр, ол жасырын емес.
Белгілі журналист Нағашыбай Қабылбек Facebook әлеуметтік желісінде «Кириллдің сөзі – қоғамның өзі!» депті бұл оқиғаны. Бір жағынан бұл ащы да болса – шындық. «Өйткені Кирилл тұратын өңірде жергілікті қазақтардың көбі құлдық сана қамытында жүр. Тіпті тілін білмейтіндер көп. Түсінген адамға Кирекең солардың намыссыздығына күйініп, "өзіңнің ана тіліңді құрметтемеген саған лағнет! Кирилл қашанғы шыдайды? Қазақстанда жүр, бірақ ешкім қазақша сөйлемейді. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой. Сөз соңында айтарым, орыс тілді қазақтар осыдан кейін де "оянбаса" мына Керилл аяиын деп тұрған жоқ ешкімді. Рухсыздық, тілсіздік, қазақ тіліне деген құрмет осылай жалғаса берсе, Кирилл, қазақ билігіне де тіл тигізетін түрі бар. Беті аулақ!» – депті Нәкең шымшып тұрып.