Құдықтарға тор орнатылып жатыр

Қостанай қаласы әкімдігі мен «Қостанай Су» коммуналдық мекемесінің  бастамасымен қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында қаладағы құдықтарға темір торлар орнатылып жатыр. Алғашқы тор № 23 орта мектептің жанындағы құдыққа орнатылды.  Құдықтардың бетіне орнатылған металл торлар 100 келілік адамның салмағын көтеруге қауқарлы. Яғни адам беті ашық құдыққа абайсыз­да құлап кеткен күннің өзінде, тордың арқасында құдықтың ішіне түспейді. Сала мамандары осы бағыттағы жұмыстардың жалғасатындығын алға тартып, мәселенің ерекше бақылауда тұрғандығын мәлімдеді.DSC_1231
– Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қаладағы құдықтардың аузы тормен жабылуда. Қаңтар айының басында қардың астында жатқан ашық құдыққа бала құлап кеткен болатын. Ол құдық  жеке меншік иесіне тиесілі. Сол оқиғадан кейін бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Қауіпсіздік шарасын күшейту мақсатында алдымен торлар мектеп, балабақша, адам көп жиналатын жерлердегі құдықтарға орнатылатын болады.  Тор – қақпақ ұрланған күннің өзінде құдыққа адамның, жан-жануардың түсіп кетуінен сақтайды. Қажет болған жағдайда оны шешіп, құдықтың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізе аламыз. Сапасы өте жақсы, – дейді "Қостанай Су" КМҚ директоры Еркебұлан Файзулаев.
      Кәсіпорын елордалық әріптестерінің тәжірибесіне сүйеніп, нәтижесінде арнайы металл торларды орнатуға тоқталған. «Қостанай-Су» мемлекеттік мекемесі мұндай торларды өздері жасайды. Қазіргі уақытта  50 тор жасалған. Биылғы жылы  барлығы 120 тор дайындалатын болады.DSC_1206
–Біз полицияға 2018 жылы 46 люкті ұрлау бойынша 31 өтініш бердік. Металл өнімдерін қабылдайтын бекеттерде қақпақтарды сатуға тырысқан төрт тәртіп бұзушы ұсталды. Ұрлыққа себеп болатын фактор – қара металлдың құндылығы. Бізде барлығы 2138 құдық бар. Тротуарларда, скверлер мен аулаларда орналасқан екі мың құдықтың барлығына торлар орнатамыз. Жолда орнатпаймыз. Егерде ашық жатқан құдықтарды көрген тұрғындарға  «Іkomek 109»  бірыңғай байланыс орталығына хабарлауды немесе 8 700 283 85 00 нөмірі бойынша ватсапқа жазуды өтінеміз, – дейді мамандар.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓