«Бөрілі менің байрағым!»
Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өткен қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сазды кеші осылай аталады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов жетекшілік ететін шығармашылық ұжымның бұл жолғы репертуары еліміздің белгілі сазгерлерінің туындыларынан алынып отыр.
Кешке қазақтың аяулы сазгер қызы, Қазақстан композиторлар одағының төрайымы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбек пен «Қазақстан композиторлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Астана филиалының басшысы Серікжан Әбдінұровтың арнайы келгенін айта кетейік. Облыстық мәдениет басқармасы ұйытқы болған шараны жерлесіміз, белгілі сазгер, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдин ұйымдастырып отыр.
Кеш барысында Е.Нұрымбетов, Ж. Тұрсынбаев, Б.Дәлденбай, Х.Сетеков, Ә.Мәмбетов, Қ.Деріпсалдин қатарлы өнер иелерінің туындылары ойналып, олардың шығармаларын өңірімізге, елімізге танымал әншілер орындап берді.
С.Әбдінұров Елбасының шақырумен жас Астанаға алғашқылардың бірі болып келген азамат. Шығармалары Қазақстанда, шет елдерде кеңінен орындалып отандық өнеріміздің рухын биіктетіп жүрген кәсіби шеберлеріміздің бірі. Терең ойлайтын, саз әлемінде өзіндік жол іздеген композитордың «Көк ойнақ», «Бәйдібек» атты туындылары еріксіз баурап алады. Ал бүгінгі жиынның басты тақырыбына арқау болған Б.Қыдырбектің «Бөрілі менің байрағым!» шығармасы Ұлы даланың ғасырлар бойы азат, еркін ойлы, батыр, қайсар екенін паш еткендей.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мәртебелі меймандарға алғыс хат беріп, шығармашылығына сәттілік тіледі. Сондай-ақ оркестріміздің де шығармашылық қоржынының қалыңдай түскенін жеткізді. Ал Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Б.Аққожина шаһар басшысының алғыс хаты мен гүл шоқтарын тапсырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай