Президенттің өкілеттік мерзімін шектейтін заң қабылданды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Заң жобасының мақсаты – Президенттің өкілеттігін қысқарту, Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібін және оның бірқатар функцияларын қайта қарау, Парламенттегі заң шығару процесінің жаңа ережелері, аралас сайлау жүйесіне көшу, сондай-ақ сайлау процесін жаңғырту бөлігінде Жолдау аясындағы саяси реформалардың толыққанды іске асырылуын қамтамасыз ету. Түзетулерді үш негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншіден, заң жобасы Президенттің жергілікті атқарушы органдардың актілеріне қатысты өкілеттіктерін қысқартуға және барлық деңгейдегі әкімдерді босатуға қатысты ережелерді қамтиды. Сондай-ақ, Парламент Сенатының депутаттарын, Конституциялық соттың және Жоғары сот кеңесінің төрағаларын тағайындау жөніндегі Президенттің өкілеттіктерін өзгертуге қатысты түзетулер көзделген», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.
Сонымен қатар, Парламент палаталарында заңдарды қарау және қабылдау тәртібін қайта қарауға қатысты түзетулер бекітіледі.
«Аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты депутатты кері қайтарып алу тетігін қоса алғанда, Парламент Мәжілісінде және мәслихаттарда аралас сайлау жүйесінің жұмыс істеуіне бағытталған ережелерді сайлау заңнамасында қамту ұсынылады. Сонымен қатар, сайлау процесін жетілдіру бойынша түзетулер қарастырылған. Олар: әлеуметтік желілерде үгіт жүргізуге рұқсат беру, сайлау қорларына ерікті негіздегі қайырымдылықтың шекті мөлшерін белгілеу. Бұдан басқа, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл тәсілдердің барлығы егжей-тегжейлі және жан-жақты талқыланды», – деді министр.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған заң арқылы бірқатар маңызды құқықтық нормалар Конституцияның жаңа ережелеріне сәйкестендірілетінін айтты.
«Мәселен, ел Президентінің өкілеттік мерзімі бір реттік 7 жылдық кезеңмен шектеледі. Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас үлгісін енгізуге құқықтық негіз қалыптастырдық. Қабылданған заң әкімдерді сайлау жүйесін аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда кезең-кезеңмен қолдану мәселелерін де қамтиды. Сенат пен Мәжілістің заң шығару процесіндегі қызметтеріне қатысты жаңа нормалар қабылданды», – деді М. Әшімбаев.
Заң жобасында Қазақстан Республикасының 8 Конституциялық заңына түзетулер енгізу көзделген.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға Сенатты қалыптастыру тәртібін және оның бірқатар функцияларын қайта қарауға, аралас сайлау жүйесін енгізуге, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын алып тастауға, Парламент палаталарында заңдарды талқылау және қабылдау тәртібін қайта қарауға, Үкіметтің заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді қабылдауына қатысты және басқа да нормалар енгізілген.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген түзетулер Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау, мажоритарлық жүйе бойынша сайланған Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын кері шақыртып алу, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау, аумақтық сайлау комиссияларын кәсіби негізге ауыстыру, сайлау алдындағы үгіт кезеңінде әлеуметтік желілердегі үгіт жөніндегі, сондай-ақ сайлау қорларына берілетін қайырымдылықтардың шекті мөлшеріне, сайлау науқанына қатысушылардың барлығының қаржылық ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты шаралар жөніндегі ережелерді заңнамалық реттеуге бағытталған.