Қарақшылық шабуыл: 2,5 млн қолды болған
Қостанай қаласындағы "Скалдской" базарында кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерлер екі тәулік ішінде құрықталды.Қылмыстық оқиға өткен жылдың 29 желтоқсанында болған. Кешкі сағат 18.30-да Складской көшесінде бетперде киген екі бұзақы кәсіпкерге қарсы көзден жас ағызатын баллонды қолданып, сөмкесіндегі ақшаны ұрлап кеткен.
«Сөмке жыртылып кетіп, 3 млн теңге қаражат жерге шашылып қалған. Алайда күдіктілер 2,5 млн теңгені жымқырып үлгерген. Жәбірленуші ақшасын «ЗИЛ» көлігінің ішінде сақтаған. Ол бетперде киген күдіктелерді дәл суреттеп бере алмады. «Солтүстік» полиция бөлімінде қылмысты ашу үшін жедел тергеу тобы құрылып, оны қылмыстық іздестіру бастығы, полиция капитаны Аян Шаяхметов басқарды. Топ құрамында жедел қызметкерлер полиция капитаны Қазбек Қайратұлы, полиция капитаны Қуат Темірғалиев және полиция капитаны Болат Нұртазин және Әлібек Кеукенов жұмыс істеді», – делінген полицияның ақпаратында.
Жедел іс-шаралар жүргізу кезінде 32 және 33 жастағы күдіктілер Тобыл қаласында ұсталды. Олар ақшаның бір бөлігімен несиелерін жапқан. Сонымен қатар, Жаңа жыл мерекесіне жұмсаған. Осы дерек бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұзақылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.