Құлан өлімі: тергеу жүріп жатыр
2018 жылы далаға жіберілген құландардың бірінің басы мен мойнына тағылған GPS құрылғы Арқалық қаласынан 160 шақырым жердегі «Тасты» шаруашылығы маңынан табылды. Қауымдастық өкілдері құланның ұзақ уақыт бір орнынан қозғалмағанынан күдіктеніп, құрылғы белгі беріп тұрған жерге барады. 26 желтоқсанда дала жануарының өлтірілген жерін тауып алады. Олар түз тағысы браконьерлер қолынан мерт болған деп отыр.
«Оқиға орнын анықтап қараса, құланның басы өте ұқыптылықпен бауыздалған. Сол жерден көлік ізі де табылды. Құланның бұл аналығын соңғы рет 14 желтоқсан күні көрген. Бұл хабар дереу Қостанай облысы Арқалық қалалық полиция басқармасына жіберілді. «Қызыл кітапқа» енгізілген аңды заңсыз аулағаны дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының әлемжелідегі парақшасында.
Алайда полиция өкілдері 26 желтоқсанда табылған құлан қалдығына қатысты хабарлама тек арада бір апта өткеннен кейін, яғни, 3 қаңтар күні түсті деп отыр.
"Құланның өлгені туралы хабар «Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» мемлекеттік қоғамдық бірлестігінен Арқалық қалалық полиция бөліміне түсті. 26 желтоқсан күні Қайыңды ауылынан 30 шақырым жерде дала жангуарының мойнына тағылған GPS қарғыбауының қозғалмай тұрғаны анықталған. Негізі қарғыбау спутник арқылы қадағаланады. Оқиға орнында құланның басы мен қарғыбауы ғана болған. Арада бірнеше күн өтіп кеткендіктен әрі ауа райының құбылуы салдарынан көлік іздерін қар басып қалған. Қылмыстық істі ашу үшін арнайы топ құрылды. Қазір ҚР ҚК 337-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз аңшылық жасағандарға қатысты іздестіру-тексеру шаралары жүргізілуде. Қылмыскерлер әшкереленіп, қылмысы дәледенсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау бөлімі бастығы Талғат Ахметов тілшілермен өткен брифингте.
Айта кетейік, осыдан 3 жыл бұрын Жангелдин ауданындағы айрықша қорғауға алынған «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына қарайтын Әліби ауылы маңына 9 құлан арнайы тікұшақпен жеткізілген болатын. Олар 2018 жылы далаға жіберілді. Мойындарына GPS құрылғы тағылған жабайы жануарлар бір орында тұрақтап қалған жоқ, біздің өңірімізбен қатар, көршілес аймақтардың аумағын кезіп жүр.