Тіл – достықтың тірегі
Тіл – әрбір елдің жаны, достықтың тірегі, халықтарды жақындастыратын ерекше құрал. Тіл – халықтың сан ғасырлық тарихы. Ана тілі жоқ елдің мемлекет болып өмір сүруі мүмкін емес. Әлемдегі кез келген халық ұлттық қадір-қасиетін, мәде-ниетін, ана тілін сақтап қалу үшін тәуелсіздікке ұмтылады. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің ана тілін әрқашан да қастерлеп, қорғап жүреді. Ана тілін қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу.
Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі екені әмбеге аян. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Атадан балаға мирас болып жеткен ана тіліміз ел ішіндегі тыныштық пен халықтар достығының тірегіне айналған.
Қазақ жерінде 130-дан астам ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың төл мәдениетін, ана тілдерін оқытатын мектептер бар. Түрлі этностарды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халықтарының Ассамблеясы жұмыс істейді. ҚР-ның Конституциясы, "Тіл саясаты туралы" Тұжырымдамасы және осыларға негізделген "Тіл туралы" Заңы республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Елбасымыз "Мәдени мұра" бағдарламасын ұсына отырып: "Қазақстан тұрғындарының барлық халықтарының тілдеріне, мәдениетіне әрдайым құрметпен қараймыз. Бұл – азаматтық бейбітшілік пен қоғамның ең ұзақ болашақ келісімін нығайту бойынша мемлекет саясатының негіздерінің бірі" деген болатын. Яғни, біздің мемлекетіміздің саясаты – Қазақстан халқын тең құқығын сақтау және нығайту.
Ортақ Отанымызды мекендеген барлық ұлыстар Тілдер мерекесін тойлайды. Осылайша, Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдері күні – достықтың тірегіне айналып отыр.
А.Қазкенова,
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.