Қала қазағы не дейді?

IMG_2382"Газет  бетінде  көбіне аймағымыздың оңтүстігіндегі қазағы басым аудандары жайында жазылады. Ал қандастардың үлесі аз Лисаков қатарлы өңірлердің жаңалығы жалпақ жұртқа ана тілімізде жетпей жатыр. Біздің қаламызға жиі келіп, жеткен жетістігіміз бен қордаланған мәселемізді біліп, көкейдегі сауалымызды тыңдап кетіп тұрсаңыздар екен".
Бұл өткен аптада еліміздегі ең жас, жасампаз қалалардың бірі – Лисаков шаһарында қара шаңырақ "Қостанай таңы" күндерінің өтуі кезінде жиналған көпшіліктің пікірі. Әрине, біздің көзі қарақты оқырман қалалық мәдениет үйіне баспасөз өкілдеріне дау айтуға емес, газетке шынайы жанашыр екенін көрсетуге келіпті.
Ашық әңгіме
IMG_2364Марат ЖҰРҚАБАЕВ, Лисаков қаласы әкімінің орынбасары:
– Осы қалада газеттің 210 оқырманы бар. Солардың бәрі де еліміздің патриоттары деп айтуға болады. Жалпы сіздің үнпарақ Қостанай өңіріңде болып жатқан іс-шараларды жақсы көрсетіп жатыр. Жергілікті жердің тыныс-тіршілігін, ондағы болып жатқан оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды жалпақ жұртқа жариялап отырған бірден-бір басылым.
Шүкір, Лисаков өңірінде газетіміздің оқырмандары, жанашырлары да баршылық екен. Әсіресе, мектеп мұға-лімдері мен оқушылар газетті көбірек оқитын болып шықты. Оны залға жиналған оқырман қауымның легінен көруге болады – жастар көп те, қарияларды әр жерден көзіміз шалды. Тіпті, жиын үстінде №3 орта мектептің  мұғалімі Анар Жаншурина: "Егер қала тұрғындары арасында газет оқырмандары артатын болса, ай сайын Лисаков қаласына бір бетті арнаймыз дедіңіздер. Сол бір бетті осы бастан дайындай беріңіздер" деп өзінің газетімізге деген жанашырлығын танытты.
Кездесуді алғы сөзбен ашқан газетіміздің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков оқырмандарды қара шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, таралымымен, оқырмандармен байланысы, болашақтағы жоспары туралы айтып берді.
IMG_2522

Қостанай таңының жанашыры Сағидолла Мұқатаев арнайы дипломмен марапатталды

Қаланың қазыналы қарттарының бірі Қапыш Наурызбаев атамыздың "Қостанай таңы" газеті жайында өзіндік пікірі қалыптасқан. "Мен бала күнімнен осы газетті оқимын. Өзге ұлт өкілі көп қалада ана тілін "Қостанай таңын" оқи жүріп үйрендім десем, артық емес. Газеттің мазмұны, көтерер мәселесі ұнайды. Әлде де қызықты мақалалар бүгінгіден де көбірек жарияланғанын қалаймын", деді ақсақал.
Пікір алмасу барысында жас мамандар газет бетінде жастар белсенділігі, олардың қоғам дамуына атсалысу үлесі қалай көрініс табатынын білмекке ұмтылды. Өз ұсыныс, пікірлерін де білдірді. Әрине, қоғамның дамуынан жастар да қалыс қалмайды. Жас толқынның еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділігі газет бетінде ұдайы қамтылып келеді. "Осыған орай, – деді газет басшысы, – бізде "Жастар KZ" қосымшасы аясында мәселелелр көтеріліп жүр. Қазір жастар білімге, ілімге ұмтылғанымен, аз оқиды. Алайда, жаңа дәуір технологиясымен ақпараттарды молынан алатын болды. Әйтсе де, кітап оқудың, газет оқудың өзіндік орны өзгеше екенін ұмытпаған жөн".
IMG_2571

Біздің лисаковтағы жас тілшілеріміз

Газетіміз Лисаков қаласында да жанашырлар клубын құрды. Оның жетекшілігіне қара шаңырақтың көп жылдан бергі оқырманы Сағидолла Мұқатаев сайланып, ағамызға Жанұзақ Аязбекұлы салтанатты түрде куәлік пен газеттің бірнеше данасын тегін жазып беруге арнайы сертификат тапсырды. Газетіміздің байырғы әрі белсенді оқырманы Қапыш Нау-рызбаев атамызға "Қостанай таңының жанашыры" деген арнайы дипломы мен газетіміздің штаттан тыс тілшісі куәлігі қоса берілді. Ал ең жас жанашыр атағын Гүлім Сандыбаева иеленіп, оған да осындай куәлік пен диплом тапсырылды.
Бас редактордың орынбасары Сәлім Меңдібай ағамыз жас тіл-шілерге салтанатты түрде "Қостанай таңы" газетінің жас тілшісі" куәліктерін табыс етті. Олар №3 қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушылары Жаннұр Әбдірасыл, Мұхамедәли Мұзаравшин, Әдия Қазбековалар. Сөйтіп тілші болсам деген болашақ қаламгерлер аймағымыздағы қара шаңырақпен шығармашылық байланыс жасауға үлкен мүмкіндік алды.
Екі сағат бойы өткен басқосуда газет оқырмандарымен, жанашырларымен кездесіп, ой-пікір алысып, ашық әңгімелестік. Олар үшін қара шаңырақ "Қостанай таңының" орны бөлек екендігіне осы кездесуде көзіміз жетті.
 
Оқырманмен жүздесу: оймақтай ой
16

Сәндібек ШАЯХМЕТОВ, зейнеткер:
Газеттің ниеті, бағдары жақсы. Артық ештеңе жоқ. Барлығыңызды осы газетке жазылуға шақырамын. Ауылымыздағы жалғыз қазақ газетінен айырылып қалсақ, ол дұрыс болмайды. Ал тілші қауым тың дүниелерді жазып тұрса екен!

6

Қадырхан САРҒАЛДАҚ, зейнеткер:
Редакция қызметкерлерінің алыстан келіп, осылай оқырмандармен жүз-десіп отырғанына алғысымды білдіремін. Алдымен жаңалық хабарларды, елеулі оқиғаларды, айтулы ақпараттарды оқырманға нақты жеткізеді. Қостанай таңы газетіне бір кісідей жазылайық.

1

Қапыш НАУРЫЗБАЕВ, зейнеткер:
Мен Қостанай таңы; газетінің бала кезден бергі оқырманымын. Бірінші сыныпқа барғанда, әкем тіліңді ұстартады деп үнемі осы газетті оқытушы еді. Сол жылдары үнпарақ Большевиктік жол деп аталды. Кітап оқуға құмарлығым осы газеттен басталды.

7

Анар ЖАНШУРИНА,
Лисаков қаласы №3 орта мектебінің мұғалімі:
Жалпы газет бетінде біздің мектеп туралы, өзі-міздің жазған мақалаларымыз жарияланып тұрады. Дегенмен электронды пош-тамен жіберген кейбір мақалаларымыз жарық көр-мей жатады.
Тиражды бір мыңға жеткізсеңіздер, ай сайын бір бет дайындаймыз деп айтып өттіңіздер. Әлден бастап сол бетті дайындай берсеңіздер екен.

4

Әсем ӨТКЕЛБАЕВА,
Айтайын дегенім газетте жас оқырмандарға арналған арнаулы бет шығарылса екен. Онда ертегі емес, балаларға арналған қызықты мәліметтер жарияланса. Біздің отбасында Қостанай таңы газетін әкем жаздырып оқиды. Сонда әкем: Балам міне, қарашы қызық материал бар екен. Кел, бірге оқиық дер, еді.

14

Айдана КӘКІМЖАНОВА, тілдерді дамыту орталығының әдіскері:
Мен осыдан екі ай бұрын Елбасы Жолдауына байланысты Мәңгілік елдің мәңгілік тілі қазақ тілі тақырыбында мақала жолдаған болатынмын. Соның неліктен шықпай қалғанын білгім келеді. Жалпы, газет бетінде жастар мәселесі жиі көтеріліп тұрса деген пікірім бар. Сондай-ақ бойжеткендердің сәнді киімдері, қыз балаларға арналған ақыл-кеңестер берілсе екен.

Бетті дайындаған Шұға ҚОҢҚАБАЙ.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓