Айбек ақынмен кездесті

 
 
Ә.Боранбаев атындағы кинотеатрда облыстық "Дала өлкесі тарихы" мұражайы ақын, ұстаз А.Қалиевтың портреттік кешін өткізді.
Кешке қаладағы мәдени ошақтардың басшы – қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты жанынан құрылған М.Дулатов атындағы әдеби бірлестік (жетекшісі А.Қалиев), "Жасұлан" жасөспірімдер орталығындағы "Алтын көмбе отауы" (жетекшісі Ш.Қапақов), қосымша білім беру мектебіне қарасты "Сәлем жас тілшілер (жетекшісі С.Жиенбаева) үйірмесі және шығармашылықты жаны сүйетін жастар жиналды.А_Калиев
Айтыстың ақтаңгері атанған Айбек Киікбайұлы бүгінде үш мүшелге аяқ басып отыр екен. Ол Жанкелдин ауданының Албарбөгет ауылында дүниеге келген. Алғашқы айтысы оқушылық өмірден басталып, тұңғыш рет белгілі айтыскер ақын Бүркіт Бекетовтің қызы Динара Бекетовамен айтысқа шығады. Республикалық айтыстағы алғашқы жұбы, айтыс сүйер қауымның көзайымына айналған атақты айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков болған. Мектеп қабырғасында жүргенде ал-ғашқы өнерге баулыған ұстазы Ғалымжан Бекетов еді.
Халық ақыны Қ. Әбілдің шәкірті атанып, сан дүбірлі додаларда топ жарды. Торғай ақындық мектебінің түп-тұқиянын зерттеп, ғылымға құлаш ұрды.
 Портреттік кешті жүргізген мұражайдың ғылыми қызметкері, ақын Мұқият Қойшыбай мәдени шараны кеш иесіне арнаған арнау өлеңімен ашып, жыр жолдарымен айшықтап отырды. Айтыскер ақынмен еркін сұхбат құруға мүмкіндік туған орайлы сәтте студент жастар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жас ақындар Айбек ағаларына арнап шығарған арнау жырларын оқыды.
 Қашанда сабырмен, биязы, кішіпейілділікпен сөз саптайтын ақын, ұстаз, ғалым, қажы А.Қалиев өзіне қойылған сұрақтардың қай қайсына да тосылмай  жауап беріп, баспадан жарық көрген "Торғай ақындарының антологиясы" кітабының бірінші томын мұражай ұжымына тарту етті.
 Тағылымды кеште Айбектің бірнеше әндері орындалып, ҚР Мәдениет қайраткері О.Мұқатова, мұражай директоры Г.Елтебаевалар сөз сөйледі.
 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓