Күлтай ӘБДІРАХМАНОВА: «Бізге жетпейтіні – шын мен сын»

Халық жазушысы Шерағаң – Шерхан Мұртазаның кезінде: «Журналистің арқалағаны – алғыс, жегені – жантақ», – дегені бар. Рас, шығармашылық саланың көтерер жүгі салмақты. Соның ішінде телевизия бағыты жедел ақпарат, сапалы бейнекөрсетілім ұсынғаны былай тұрсын, ұдайы жаңашылдыққа бет бұрып отыратын, үлкен ізденісті талап ететін дүние. Қазақстанның құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі Күлтай Камалқызы Әбдірахманова облыстық «Qostanai» телеарнасында жиырма жылдан астам еңбек етіп келе жатыр. Журналистердің ұстаханасынан өткен әрі өзі де талай шәкірт тәрбиелеп отырған әріптесімізбен тележурналистиканың бүгінгі беталысы жайында аз-кем әңгімелесіп едік.IMG_9268 (2)
 
Біздің арна болашақ журналистердің ұстаханасына айналды
– Күлтай Камалқызы, алдымен, өзіңіз телеарнаға келгеннен бергі басты өзгерістерге шолу жасап көресіз бе?
– Өзім сегіз жылдай газет саласында еңбек еттім. Баспасөз бен телеарна екеуі де бір журналистиканың ішінде болғанымен, әрқайсысының арқалар жүгі әрқалай. Газетте көрген-білгеніңді түгелдей баяндап шығасың. Ал теледидарда бейнетаспамен бүкіл оқиғаны жеткізесің. Екеуінде де журналистің аса шеберлігі қажет. Осы орайда талай игі жақсымен қызметтес болғанымды мақтан етемін. Алдыңғы ардагер ағаларым бар, өзімізден кейінгі буын бар, біздің ұжымымызды кәдімгі ұстахана деп атауға болады. Өзіміздегі сақа тілшілерді айтпағанда, қазір республикалық телерадио саласында Жасұлан Айсағали, Әлия Тілеубаева, Дархан Әбдіуахит, Әділ Нұртай, Дулат Нуркин,  Алла Гаврина, Зылиха Сүлейменова, Гүлжан Марқабаева, Азамат Нұғыманов, Жансая Қожахметова, Әлихан Асқар, басқа да ұл-қыздар сол өзіміздің ұстаханадан қанат қаққандар. Ал бізден түлеп шыққан Еркін Таңатқанұлы – QAZAQSTAN телеарнасының басшысы, Ербол Ипбергенов – өзіміздің QOSTANAI арнасының директоры.
Ең алдымен, телеарна қызметі, сапасы сонау тоқсаныншы жылдардан бері көп өзгеріске ұшырады. Соның бастысы – цифрландыруға көштік. Баяғыдай ішіне үлкен кассеталар салынатын видеокамералар, оны монтаждайтын құралдар жоқ қазір. Бәрі компьютерленген. Бұл жеделділікті арттырады, көп жұмысыңды жеңілдетеді. Екіншіден, бағдарламалар, авторлық жобалар, тікелей эфир жағынан көш ілгеріміз. Сайттан жедел ақпарат алуға мүмкіндік бар, мұның сыртында бейнетаспалардың мұрағаты сақталады. Оның үстіне бұрынғы республикалық телеарнамен бірге аталып келген «Қазақстан-Қостанай» қазір латынша «QOSTANAI» арнасы болып жеке аталатын болды.
Қазір бізде сексенге жуық қызметкер бар. Барлық штатты айтып отырмын. "Көк сандықта" сөйлеп жүрген тілшілер мен операторлардан бөлек, кадр сыртындағы режиссер, монтаждаушы, жарық берушілердің барын жақсы білесіздер. Дегенмен бізде республикалық телеарналардағыдай емес, кадрлық тапшылық бар. Рас, үлкен арналарда сұқбат, ток-шоу, белгілі бағдарламаны үлкен түсірілім тобы орындайды. Сіз журналист тек хабарды жүргізесіз де, кете бересіз. Қалған жұмыстарды басқа әріптестеріңіз орындап шығады. Ал бізде өзің жоба авторысың, өзің режиссерсің, өзің жүргізесің. Осындай қауырт шаруамен күнделікті 18 сағат эфирді жауып отырмыз. Жаңа жылдан бастап 14 сағаттық режимге көшеміз бе деп отырмыз. Бұл телеарнаның өзіндік өнімінің сапасын арттыру үшін қажет. Қазір біздің 55% өзіндік өніміміз бар. 14 сағат болғанмен, эфирдің сапасы артатыны анық.
 
Жаңа бағдарламалармен толығып  жатыр
– Сапаны арттыру және өзіндік өнім санын көбейту үшін жаңа бағдарламалар да қосылып жатыр. Сол туралы айта кетсеңіз…
– Қазір қазақ, орыс тілдеріндегі жаңалығымыз, хабарымыз, телебағдарламаларды қосқанда, барлығының саны 33-ке жетті. Оның ішінде жаңа маусымда қыз-келіншектерге арналған «Ақсұлу» деген атпен тележурнал аштық. Музейлер, архивтердегі жәдігерлерді көрсететін «Көненің көзі» хабарын қостық. Қыркүйектен бастап Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай педагогикалық мемлекеттік университетімен бірге қазақ тілінде «ІQ-дода», орыс тілінде «Эрудит» хабарлары жүріп жатыр. Жыл басында келетін мемлекеттік тапсырысқа қарай наурыз айынан бастап осылай жаңа бағдарламалар қосып отырамыз.
 
Сын айтсаң, шын айт
– Көрермен Күлтай Камалқызын «Тәуелсіздік тағлымы», «Парасат», «Айтарым бар», «Біздің елдің жігіттері» авторлық хабарлары арқылы жақсы таниды. Соңғы уақытта шығармашылық жағыңызда іркіліс байқап жүрміз. Көкейіңізде жүрген, тізгінге аламын-ау деген жаңа идеяңыз бар шығар?
– Рас, өзім де хабар жасағым келеді. Уақыт болмайды оған. Жасаған соң көптің көңілінен шығатындай дұрыстап айналысу керек. Сол туынды хабарың өз атына лайықты болу керек. Көрерменге "менің қолым тимей жүр" деп айта алмайсың ғой. Басқа да шаруалар толып жатыр. Дегенмен мүмкіндік болса, көкейімде жүрген хабардың концепциясын жасап, ойластырып қойдым. Атауы да жасырын емес – «Сын мен шын». Қазақ журналистикасында жетіспейтін дүние бар, ол – шын мен сын. Менің бір байқағаным, біз шындықты айта алмаймыз. Әрине, менің идеямды жарыққа шығару қиынға соғуы мүмкін. Өйткені біз айқайлап айтқымыз келгенмен, біреуге жақпай қаламыз ба дейміз, көңіліне қараймыз. Бірақ шындықтан артық ештеңе жоқ. Ойлап қарасақ, біздің қоғамда өзекті, көкейтесті мәселе көп қой. Және соны жеткізе алатын, шындықты айта алатын зиялы адамдарымыз да жоқ емес. Әрине, «Айтарым бар» хабары арқылы қолымнан келгенше біраз дүниені көрсетуге тырыстым. Ақыл айтудан жақсы нәрсе жоқ. Дегенмен бұл жолы бұрынғы хабарлардан ерекшеленетін, ойдан шығатындай дүние болса деген арманым бар. Осыны 2020 жылы қолға алсам ба деймін.
– Сәттілік тілейміз!
 
Әр адамның өзінің қолтаңбасы болады
-Көрермен бір жағы жаңашылдық іздеп отырады, екіншіден, көзі әбден үйреніп қалған, ойындағысын дөп басатын бағдарламаларын асыға күтіп отырады. Немесе жаңа есімдерді, тың деректерді экраннан көргісі келеді. Бұл жағынан өзіңіз жоба авторы болған «Менің қолтаңбам» хабарын айтуға болады. «Менің қолтаңбам» десе, біздің көз алдымызға ірі тұлға-қайраткерлер қалдырған еңбек келетіні анық. Бірақ бұл бағдарламада сол қатып қалған стереотипті бұзып, түрлі саладағы адамдардың ісі жан-жақты беріліп жатыр…  
– «Менің қолтаңбам» деп атын өзім қойған едім. Әр адамның өзінің қолтаңбасы болады ғой. Мысалы, сенің журналистикадағы қолтаңбаң. Нан пісіруші болсын, басшы болсын, тракторшы болсын, кез келген адамның өмірде қалдыратын бір ізі, өзінің қолтаңбасы болады. Журналист кейіпкердің өмірбаянын түгел айтып шығу ғана емес, соның өзекті жерін тауып, сол тақырыпты аша білуі керек қой. Бұл, алдымен, кейіпкердің жан-жақтылығын көрсете білген тілшінің кәсіби талантын шыңдайды. Теледидар дегеніміз – идеологияның, тәрбиенің үлкен құралы. Жалпы, біз адам баласының бар жақсы қырын оңды дәріптей алғанымыз дұрыс. Әрине, жақсы адам екен деп мақтай беру емес, сол кейіпкер арқылы оның ісін басқаларға сабақ ету.
Кейде жұртшылық тарапынан «бәленше газет, түгенше телеарна секілді шындықты шырқыратып көрсетпейсіңдер» деген сөздерді естіп жатамыз. Рас, сенсация екен деп көрінген өсек-аяңның соңынан еріп кетсек, ұсақталып кетеміз. Ал оның орнына неге танымдық, соның бір жағы тәрбие беретін, екінші жағы ой салатын дүниелерді көрсетпеске? Әрине, бағдарламалар атауын, форматын, стилін ауыстырып жаңадан шыға бергені дұрыс. Бірақ соның ар жағында өзіміздің менталитетіміз, ұлттық болмысымыз, халықтың жан жарасы, көкейіндегі сан сауалына жауап беретіндей болу керек. Әйтпесе, жаңа бағдарлама жүргізген журналистің түр әлпеті, киген киімі, студияны жарақтандырып қойғанын кім қаламайды? Ең бастысы, сол хабардың ішкі-сыртқы мазмұнының тереңдігі, ой саларлық шеберлігі көрерменнің санасына жеткеннен артық ештеңе жоқ.
           
            Еңбегіміз зая  кетпеді
– Өзіңіз аға буын мен кейінгі ұрпақ арасындағы көпірсіз. Жалпы, жұмыста жастардан нені көбірек талап етесіз?        
– Журналистерге қашаннан айтатыным, біріншіден, тәртіпті, екіншіден, «өз мамандықтарыңа адал болыңдар» деп отырамын. Менің «жақсы адам ғана жақсы маман болу керек» деген өзімнің ұстанымым бар, әріптестерімнен осыны талап етемін. Егер сенің ішкі дүниең таза болса, өзің барлығына ізденіп, мәселенің байыбына терең баратын болсаң, онда хабарың да жақсы шығады.
Жұмыс болған соң, әрқайсысына медиажоспар жасатамын. Кез келген хабардың жүргізушісін шақырып аламын да, бір айдың, бір тоқсанның жоспарын ақылдасамыз. Ол студияға кімді шақырады, қандай кейіпкері бар, соның тізімін көрсетеді. Тілші сол кейіпкерді жақсы білетін болса, оған қосымша мына қырын аш деп ақылымды беремін. Мынандай сұрақтар қоюға болады деп жөн сілтеймін. Бағыт беріп отырамын. Өйткені, менің алдымдағы аға буын өзімнен осыларды талап еткен, мен де жастардың сол жолмен жүргенін қалаймын.
Кейбір жастар бар, эфирге бір-екі рет шықты ма, үшінші күні ана баланың бойынан өзгеріс байқалады. Әрине, ол жақсы емес. Тілші – эфирде неғұрлым жігерлі, ұстамды, тартымды әрі аудиторияны өзіне қарата білсе де, өмірде қарапайымдылығын сақтап қалу керек. Мен оларға қазіргі тілмен айтқанда, «жерге түсіңдер, «жұлдыз» деген ең жаман ауру» деп отырамын. Тәжірибелі басшының басты ұстанымы – өзің жауапты болған соң әріптестеріңді жіберіп-тартып отыру керек. Жақсы істеген дүниесін көріп, арқасынан қағып, мақтап отырғаның да, болмаған жеріне ескерту жасап отырғаның да дұрыс. Соны санамен түсінетін жастардың барына қуанамын. Алдымыздан өткен шәкірттеріміздің еңбегімізді елеп, мереке, атаулы күндері қоңырау шалып, амандығыңды біліп, алғыс айтып жататынына әжептәуір марқайып қаласың. Соған қарап отырып, еңбегіміз зая кетпеген екен дейміз. Кейде тіпті, сыртқа кеткен қыз-жігіттер «апай, айғайыңызды сағындық» деп әзілдеп жатады. Той-қуаныш жасарда шақыру беретіндері қаншама. Сыртқа кейде қатал басшы көрінетін шығармын, бірақ әлгі шәкірттерім рахмет айтып хабарласқан сәттерде қуаныштың көз жасын төгіп аламын…
-Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұхбаттасқан Шұға ҚОҢҚАБАЙ
 
Біздің анықтама:
ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының  және Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында «Үздік автор» аталымы бойынша жеңімпазы.  «Қазақстан»  РТРК» АҚ төрағасының, Қазақстан Журналистер Одағының және аймақтағы БАҚ  қызметін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қостанай облысы әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. Облыстық Меценаттар клубы арнайы сыйлығының, қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құлжанова атындағы арнайы сыйлықтың, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, «Бай-Медиа» бағдарламасы бойынша халықаралық «Би-Би-Си» мектебі сертификатының иегері. Қостанай облысы бойынша әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓