Шаңғы базасы ашылады
Қостанай облысында шаңғы базасы ашылмақ. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті. Архимед Бегежанұлы өңірдің спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, осы жылы халықаралық дәрежедегі 11 спорт шебері, 80 спорт шебері және жоғары санатты 19 бапкер дайындалған.
– Қостанай облысы – 1976 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Иван Гаранинді, коньки спорты бойынша әлем чемпионы Денис Кузинді, 2018 жылы Паралимпиада қысқы ойындарының чемпионы Александр Колядинді дайындаған Қазақстанның солтүстік өңірі. 2020 жылы Қостанай қаласында қазіргі заманғы шаңғы базасының құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. Қазір спорт резервін дайындау бойынша жұмысты 32 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жүргізеді, онда жалпы білім беретін мектептердегі балалардың санынан 19 мыңнан астам бала жаттығумен қамтылды. 2,5 мыңға жуық спорт құрылысының арқасында жаппай спортпен айналысатын халықтың үлесі 31,6% ұлғайды (республика бойынша орташа көрсеткіш 29,9%). Биыл ауылдық жерлерде 12 жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі хабарлағандай, таяуда 2500 көрерменге арналған мұз спорт сарайы және 50 метрлік бассейн құрылысы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 2 жобасы басталады.