Заманауи білім орталығы ашылды
«Нұр Отан» партиясы бірқатар жаңа жобаларын жүзеге асыра бастады. Солардың бірі «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» деп аталады. Осы жобаның аясында Қостанайдағы облыстық Л.Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханада уақыт талабымен үндескен білім орталығы ашылды.
Орталықтың салтанатты тұсаукесер рәсіміне партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алмат Досмұхамедов, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, мәдениет қызметкерлері мен студенттер қатысты.
Айта кету керек, жаңа орталықты ашуға жеке демеушілер қол ұшын берген. Енді мұнда түрлі әдебиеттермен, оқу құралдарымен қатар, кез келген ақпаратты онлайн-режімде алуға мүмкіндік жасалған. Орталық интернет желісімен, цифрлы технологиялармен, қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Келушілер үшін мұнда қажетті ақпарат алып қана қоймай, өзара ой-пікір, тәжірибе алмасуға, шығармашылық еңбекпен айналысуға да мүмкіндік зор.
– Технологиялардың келешегі зор. Сондықтан инновациялық білім алуға мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасының шеңберінде қазір елімізде кітапханалар осындай уақыт талабына сай білім орталықтарына айналдырылып, тиісінше жабдықталып, электронды үлгіге көшірілуде, – дейді облыстық Л.Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Дариға Дүйсебаева.
Бұл орталық кітаптың, түрлі әдебиеттердің қадірін арттырып, көпшіліктің өз уақытын тиімді пайдалануына мол септігін тигізері сөзсіз. Технологиялық жетістіктерді адам игілігіне тиімді пайдаланудың бір үлгісі де осы болмақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.