Туған жердің бір уыс топырағы
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан Қостанай облысының сарбаздары жерленген бейіттен алынған уыс топырақ Ресейге жеткізіледі. Туған жердің қалташаға салынған бір бөлшегі РФ елшілігіне тапсырылды. Ол жаңадан бой көтеретін Жеңіс шіркеуіне апарылмақ.



"Жылдар жылжып, ұрпақ ауысса да ҰОС оқиғасы мәңгі бақи адамзат жадында сақталып, ұдайы жүрегін толқытпақ, – деп бастады рәсімнің ашылуындағы сөзін Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов. – Бұл акцияның нышандық мағынасы тереңде, яғни біз от пен оқтың арасынан үйіне орала алмаған боздақтар аруағына тағзым жасаймыз. Мұндай жоба бейбіт замандағы көршілес қос елдің татулығы мен ынтымағын да айқын көрсетеді".
Топырақ салынған қалтаны Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің үшінші хатшысы Даниил Лапач қабыл алды. Ол топырақты табыс ету миссиясының "Естелік жолы" жобасы үшін аса маңызды екенін атай өтті. Елшілік өкілі шара барысында ҰОС ардагері, қостанайлық Нәшен Иманалиннің атына тағайындалған "Ерлігі үшін" медалінің куәлігін ұрпақтарына тапсырды. Куәлікке РФ президенті қолы қойылған.


"РФ елшілігі жергілікті әкімдікпен және ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыста, көзі тірісінде қол жеткізе алмай кеткен марқұм ерлердің ұрпақтарына тұрақты түрде ордендер мен түрлі марапаттар, куәліктер табысталып тұрады", – деді марапаттау кезінде сөз сөйлеген Д.Лапач. Ал батыр әкенің ерлігінің мойындалғанына куә болған ұрпақтары ерекше қуаныштарын жасыра алмады.
"Үлкен толқыныс үстіндемін, – деді батырдың ұлы Сапар Иманалин. – Мен әкемнің сүйегін іздеп Германияға барып, жерленген жерін тапқан едім. Әкем 1945 жылы 30 сәуірде қаза болған екен. Жеңіс әнін шырқауға небары 9 күн ғұмыры жетпепті. Есесіне, келешек ұрпағы ұмытпай, мақтан етіп жүрер ерлік ісімен ел есінде қалды. Лайым бейбіт заман болсын".
