Балалар уланды
Кеше Ұзынкөл ауданының №1 орта мектебі шағын орталығында балалар жаппай уланған. Бүлдіршіндердің жүректері айнып, лоқсып, бастары айнала бергесін, түс ауа сағат 15.20-дан бастап аудандық ауруханаға ішек инфекциясы диагнозымен түсе бастаған. Жалпы сағат 15.20-дан 22.00 аралығында 53 адам сырқаттанған болса, оның 47-сі балалар, 6-ы үлкен ересектер (тәрбиешілер, мұғалімдер). Дәрігерлер бір баланың жағдайын ауыр десе, 42 бала орта деңгейде. 22 бала аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылса, 11 бүлдіршін Қостанай қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Он бала ата-аналардың динамикалық қадағалауымен үйлеріне жіберілді.
Бұл туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен брифингте облыстық денсаулық басқармасының басшысы Орал Бекмағамбетов таратып айтып берді:
– Сырқаттанғандардың 25-і алты жасқа дейінгі балалар, 19-ы мектепалды даярлық сыныбынан, 2 бала екінші сынып оқушысы, 1 бала төртінші сынып оқушысы. Барлық тиісті шаралар жүргізілді. Қазір жағдай тұрақты.
Бүгін таңертең барлық балалардың жағдайы қанағаттанарлық, бір баланың жағдайы орташа.
Кеше 11 бүлдіршін жедел түрде Қостанай қалалық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне санитарлық авиациямен жеткізілген. Қазір Орал Бекмағамбетов науқастардың жағдайын қалыпты деп отыр. Әзірге балалар ем қабылдап жатыр. Осы оқиғадан соң, облыстық прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті өкілдерінен құралған шұғыл штаб құрылып, жұмыс істеуде.
Білім ошағының асханасының түскі ас мәзірінде макарон мен котлет, компот болған. Оқиға орнына ең бірінші жеткен аудандық аурухана дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейіннен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан балалар реаниматологы, бала педиаторы және инфекция дәрігерлері көмекке барды.
Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары Сәуле Бәйменова:
– Біздің мамандар оқиға орнына дер кезінде жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізуді бастап та кетті. Қазір нақты неден уланғаны белгісіз. Асхана құралдарынан түрлі сынамалар алынды. Тексеру қорытындысы 3-4 күннің ішінде анықталады.
Қазір төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру шаралары жүргізіліп, барлық құзырлы органның бақылауына алынды.
Шұға Қоңқабай