Төл мерекелерін атап өтті
Ағымдағы жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтарының төл мерекесі болып бекітілген еді. Осыған орай, бүгін облыстық аумақтық кәсіподақ орталығының ұйымдастыруымен арнайы мерекелік жиын өтті. Мерекелік шараға аймақтағы барлық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ саласындағы қызметке еңбегі сіңген ардагерлер, әлеуметтік әріптестер шақырылды.
Салтанатты шарада ең алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшы З.Бәйменова еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының рөлі мен маңыздылығын ерекше атап өтіп, жиналғандарды мерекемен құттықтап, еңбектеріне сәттілік тіледі. Ал, мұнан кейін сөз алған “Қостанай облысы Кәсіподақтар Орталығы” аумақтық бірлестігінің төрайымы Е.Смышляева да жиынға қатысушыларды кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтай отырып, кәсіптік одақтардың еліміздің дамуындағы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
-Бүгінде облыс бойынша 117 мың жұмыскер кәсіподаққа мүше. Бұл әрине көптеген еңбек ұжымдарының кәсіподаққа деген сенімдерінің артқандығын көрсетеді. Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсаты жұмысшылардың әлеуметтік мүделерін қорғау. Бүгінде елімізде кәсіптік одақтардың жаңа жүйесі құрылды, жұмыс беруші мен жұмысшының өзара қатынастарына деген көзқарас та жаңарды, – деді Е.Смышляева.
Төл мерекелерінде үздік кәсіподақ қызметкерлеріне алғыс хаттар мен төсбелгілер және “Еңбек ерлігі” статуэткасы табыс етілді. Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында “SENIM” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы бірқатар кәсіподақ мүшелеріне 250 мың теңге көлемінде ақшалай сертификатын табыстады.