Абайлаңыз – алаяқ!
«Отбасылық жағдайыма байланысты, жұмыс бабымен тез арада Ресейге көшіп кеттім. Сеніп қалдыратын адам болмағандықтан, арзан бағаға сатуға мәжбүрмін». Облыс орталығындағы сұранысы жоғары шағын аудандарда орналасқан пәтерлерді «Krisha.kz», «OLX.kz» сайттары арқылы нарықтан төмен бағамен сатып жатқандардың айтар уәжі осы. Тез арада қоныс аударғандар Қостанайдағы жаңадан тұрғызылған үйлердегі 3-4 бөлмелі пәтерлерін 7-8 миллион теңгеге беруге әзір. Ал бір бөлмелі қаңырап қалған пәтерлерін 2-3 миллион теңгеге сата салады.
«Бұл, не қылған батпан байлық» екенін анықтау мақсатында, саудагерлердің бірімен байланысқа шыққан едім. Өзін Михаил деп таныстырған жігіт ағасы Ресейдегі Хабаровскіден жұмыс табыла кеткенін, содан Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын жазды. Енді, Қостанайда қалған «мол мұрасын» ғаламтор арқылы сатудан басқа амалы қалмапты. Пәтерлердің барлығы да жабық. Көрсетер бір адам жоқ. Егер, сатып алуға шын ынталы болсаңыз, Михаил келісілген уақытта келуге әзір. Тек, оны ақшаңыздың бар екеніне сендіре алсаңыз болғаны.
– Пәтерлерді ипотека, несиеге, бөліп төлеуге бере алмаймын. Екі ортада шапқылап жүретіндей менің уақытым жоқ. Жұмысым қауырт. Жаңа қызметімнен сұранып, бір күнге ғана келе аламын. Алаяқ деп ойлап қалмаңыз, мен сіздің ақшаңызды бірден алмаймын. Сіз, мені ақшаңыздың бар екеніне сендіре алсаңыз болғаны, бірден ұшып келемін. Ол үшін «Юнистрим» немесе «Контакт» ақша аударым желілерінен шот ашып, тиісті бағаның тең жартысын маған емес (!) жолдасыңыз (жұбайыңыз), туған-туыстарыңыздың немесе сенімді адамыңыздың есеп-шотына аударып, түбіртегін менің «WhatsApp» нөміріме жіберіңіз – деді ол. – Пәтерді көріп, келісім-шартты жасағаннан кейін, қалған ақшаны және туыс-туғандарыңыздың атына жіберілген соманы менің есеп-шотыма ауыстырасыз. Транзакция (ақша аударылымы) жылдам жүргізілуі үшін туысыңызға аударылған ақшаны «алатын жері: Ресей» деп көрсетуді ұмытпаңыз. Сонда сіз де, мен де шетелдік ақша аударымына көп шығын жұмсап, уақыт жоғалтпайтын боламыз.
Михаил онысыз да уақыт жоғалтпайтын болып шықты. «Krisha.kz», «OLX.kz» сауда сайттарында ресейлік азаматтың жиырмадан астам пәтері сатылымға шығарылыпты. Барлығында да, жұмыс бабымен Хабаровскіге көшкенін, сенімді адамының жоқтығынан «бірер баспанасын» ғаламтор арқылы сатуға мәжбүр болғанын жазыпты. «Ақшаны қолына ұстатпаған соң, оған түсер пайда не?» деген сауал қоярсыз. Осы сауалды тиісті орындарға мен де қойдым.
– Аялақтардың арасында атын өзгертпейтін осы – Михаил ғана шығар. Бірнеше жылдан бері «осы әдісімен» жұмыс істеп келеді. Ол ақша аударымынан кейін берілетін түбіртектің көшірмесін жіберуді сұрайды. Ал, ол жерде шоттың шифрі жазылады. Сондай-ақ, ақша аударымы барысында, Сіз қаржыны «көрші мемлекеттен шешуге болады» деген белгі қоясыз. Осының негізінде, алаяқтар Сіздің немесе сіздің туыс-туған, дос-жарандарыңызға аударған ақшаны еш қиындықсыз сыпырып алады, – дейді банк қызметкерлері.
Былтырғы жылдың өзінде ғана пәтер алаяқтары 47 адамды 230 мың АҚШ долларына алдаған көрінеді. Кәсіби риэлторлардың уәжіне құлақ асар болсақ, көп жағдайда тұрғындардың өздері төмен бағаға қызығып, алаяқтардың арбауына түсіп жатады екен. Абырой болғанда талай жанды шырқыратқандардың дені құрықталып, темір торға жабылды. Қолды болған қаржы да қайтарылып жатыр. Ал, сыртқа кетіп жатқан қаржыны қайтару қиындау. Сондықтан да, тұрғындардың өздеріне сақ болған жөн дейді мамандар. Әсіресе, Михаилден сақ болыңыздар!
Жұматай Кәкімжанов