Үкімет делегациясы Қостанайда

 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік делегациясы Қостанай облысына келді. Бердібек Сапарбаевқа алдымен өңірдегі спорт инфрақұрылымының дамуы таныстырылды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, «Тобыл арена» манежі – УЕФА талаптарына сай келетін елдегі баламасы жоқ нысан.Мұнда халықаралық, ел біріншілігі ойындарын өткізуге болады. Үлкен футболға арналған жабық арена мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бір жылдың  ішінде тұрғызылды.
 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары алаңда жаттығу жасап жүрген жас аяқ-доп шеберлерімен кездесті.
«Сендерге облыс басшысы қаншама жақсы жағдай туғызып отыр. Мынадай алаң Қазақстанда жоқ. Сол себепті, бар мүмкіндікті пайдалану қажет. Сендер елімізді әлемдік аренада танытасыңдар. Спортпен шұғылдануды үнемі қолдап отырыңдар», -деп кеңес берді балғын футболшыларға.
Бердібек Сапарбаевтың облысқа сапары «Жастар сарайында» жалғасты.
Қостанайлықтар вице-премьерге өздерінің алғашқы табыстары және өңірдегі жастар бастамалары туралы айтып берді. Облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айгүл Абдуллинаның сөзінше, жастарға қызмет ету орталығы бірнеше бағытта жұмыс істейді
«Облыстық жастар ресурстық орталығынан басқа 19 аумақтық жастар мекмесі өз қызметін жүзеге асырады. Оның ішінде 3 қалалық және 16 аудандық орталық бар. Жастардың бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу және қолдау – біздің басты міндетіміз. Жастар ортасындағы жағдайға мониторинг жүргізу және талдау жасау да жұмысымызға жатады. Осы негізде жыл бойы практикалық және әдістемелік көмек көрсету бойынша көшпелі семинарлар ұйымдастырылады», – деп мәлімет берді орталық жетекшісі.
 А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ Экономика және құқық қнституты директорының орынбасары Абылай-Хан Кәкенов Б. Сапарбаевқа Қостанай жастарының ресейлік әріптестерімен ынтымақтастығы туралы сөз қозғады. Жақында ғана қостанайлық студенттер Омбыда болып, XVI аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Кәкеновтің сөзінше, ресейліктермен туризм, волонтерлік және басқа да бағыттар бойынша бірлескен жобалар талқыланған. Мысалы, Жеңістің 75 жылдығына орай іздестіру жасақтарын ұйымдастыру жоспарланды.
Назарбек Өмірзақ есімді жас кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып шаруасын дөңгелетіп отыр.
«Жақында әскерден келіп, жеке кәсіп ашуға бел будым. Негізі, Нұр-Сұлтан қаласындағы колледжді тәмәмдадым. «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге несие алдым. Таңдауым эвакуатор қызметіне түсті. Табысым да жаман емес – айына 300 мың теңге пайда түсіремін», – дейді жас кәсіпкер.
Бердібек Сапарбаев жастардың идеяларын барынша қолдау керектігін атап өтті.
«Назарбек сияқты жастардың көбеюі үшін креативті бастамалар көбірек қажет. Сендердің бастамаларыңа мемлекет барынша қолдау көрсетеді.
Жастар жылы, алдағы еріктілер жылы және Президенттік кадрлық резервке қабылдау – бұлар елімізде жастар өздерінің мақсаттарын жүзеге асыра алатынын көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үлкен назар аударады. Біз ерекше жобаларды мемлекет басшысына айтып отырамыз. Сол себепті, нақты жоспар жасап, іске кірісуден қорықпаңыздар.Мынадай «Жастар сарайының» елімізде баламасы жоқ. Облыстың әкімі мүмкіндік жасап отыр. Осыны тиімді пайдалануды ойланыңыздар», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Ертең Үкімет делегациясы Федоров ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралап, аудан жұртшылығымен кездеспек.
1 2 3 4 5 6 7 8 9
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓