ЖАЗБА АЙТЫС: құрдастар жыр жарыстырады

"Ел мерейі – Елорда" облыстық ақындар жазба айтысының 2-айналымы аяқталуға жақын. Бүгін қостанайлық Нұрқанат Құлабаев пен арқалықтық айтыскер Бағила Балмашева сөз сайысына түседі. Тәжірибелі қос ақын құрдастар арасындағы жарасымды айтыстың жарқын үлгісін паш етпек. Өнерпаздардың өрелі өлеңдеріне баға беріп, қошемет-қолдау көрсетіңіздер. Багила-нурканат
Сондай-ақ, бүгін осыған дейінгі айтыстардың қорытындысын жариялаймыз. Марғұлан Оспанов пен Ернұр Әуезхан жұбында қостанайлықтың бәсі басым болып, Марғұлан келесі айналымға өтті. Ал одан кейін сөз сайысына түскен Батырлан мен Медет жекпе-жегінде қазылар жеңісті Батырланға берді. Халық ақыны Әсия Беркенова бастаған төрешілер ақындардың сөз саптауына, өлеңді талғамды, мазмұнды, қисынды етіп құрауына, жалпы шеберлігіне қарай бағалады.
Сөз кезегін келесі жұпқа ұсынайық.    

Нұрқанат:

Астана деп ақындар сап құрғасын,
Ойымның ақтарайын ақ тұнбасын.
Отыз күндік оразаң қабыл болсын,
Армысың, Бағиладай нақ құрдасым.
Алланың сыйы бұл, – деп мен де отырмын,
Өзіңмен айтысатын сәт туғасын.
Ел-жұртың, бала-шағаң есен-сау ма?
Амандықтан бастайын хаттың басын.

Қанағатшыл, халқы нар, намысты әрі,
Арқалық арайлы ма алыстағы?
Байтақ елдің береке-құты болған, 
Боксит беріп жатыр ма табысты әлі?
Елім деп елбасына арзу айтқан,
Аман ба Айбек сынды арыстаны?
От ауыз, орақ тілді, ойы теңіз,
Аман ба Батырландай барыстары?
Орекендей есен бе қариялар –
Шежірелі даланың данышпаны?
Торғай аман тұрса егер, туады әлі,
Ескі сөз қазынаның Қаныштары.
Бағилаш, өзің-дағы жай емессің,
Әйелсің арды ойлаған нақ ұстамы,
Шәйің  – бал, төрің – жайлау, шаңырағың – 
Ақындардың секілді бас штабы.
Азамат, Екпін, Мұқият және олардың,
Қара өлең, жырға ғашық таныстары.
Осы сенің үйіңнен өсіп-өніп,
Шартарапты шарпыған шабыстары.
Отты өрендер бүгінде бәрі дерлік,
Ғұмырын өлең-жырға бағыштады.
Бұл – сенің азаматтық болмысың мен
Аналық мейіріміңнің қабысқаны.
Қандай ғажап, Отанын аңсап жеткен,
Бек ұлдардың екінші анасымен,
Арқалықтың төрінде табысқаны.

Ойыңның орамдысын екшеп алып, 
Ел риза, жыр-нөсерін төксең анық. 
Ешкімге бас бәйгені бермей жүрсің, 
Егер де топқа түссең Көкше барып.

Арқаның шабыт беріп ақ самалы,
Көкшеде Бағила емес, бақ шабады.
Өз жұртыңда жүрген соң еленбейсің,
Ақын деп ел қолпаштап жатса-дағы.

Осымен тоқтатайын аттың басын,
Бағаңды жақын емес, жат құндасын.
Алайда атақ аңсар жан емессің,
Ал енді сен не дейсің ақ құрдасым?

Бағила:
 
Құрдасың қай сөзіңді мақұлдасын?
Алла қолдап, таңдайым тақылдасын! 
Еңселі Елорданың ұлы тойын 
Өлеңмен өрнектемеу ақынға сын. 
Бақ сынап, бар өнерді салудамыз 
Айтыстың алаңына шақырғасын. 
Жылы-жылы пікірлі құрдасына 
Бағила байқап бірақ жақындасын. 
Мақтап-мақтап құрдасын Нұрекеміз, 
Мақтамен бауыздауын қатырмасын. 

Нұреке, шүкіршілік, халқым аман, 
Қашықпыз мүшкіл халден қалтыраған. 
Сіз сұраған ерлердің бәрі де аман, 
Азаматтар маңдайы жарқыраған. 
Бокситті де әзірге өндіруде, 
Мәселе болғанымен талқылаған. 
Алланың бұйыртқанын көреміз де, 
Рахмет пейіліңе хал сұраған. 

Өшірмей есімімді сый тақтадан, 
Өзгеше өзің болдың сипаттаған. 
Сайлауға түссем-дағы жарайды екен, 
Сіз берген мінездемең, сипаттамаң… 
Мұны оқып ыңғайсыз күй кешуде, 
Құрдасыңыз, білсеңіз, қипақтаған. 
…Ар үшін жарамайды пайданы ойлап, 
Әр ісін есеппенен қисаптаған. 
Азамат, Мұқияттай қайныларым, 
Азамат емес пе елде сый сақтаған. 
Менің де абыройым ақындардың 
Мекені болса біздің үй тоқтаған. 
Ежелден қалған ізді жалғауым бұл, 
Ерекше бергеніңмен сыйпат маған… 
Жалғасы ем Домалақтай ананың мен, 
Сөзіне халық ұйып, би тоқтаған. 

Ойламай өз басымның жан тынышын, 
Жұртыма арналады жарқын ісім. 
«Төккенге жыр нөсерін ел риза»- деп, 
Рахмет мадақтаған дәрпің үшін. 
Мен бірақ өрісті өлең айта білсем, 
Даңғаза еткенім жоқ даңқым үшін. 
Еленбей жүр дегенің ештеңе емес, 
Елменен бір болғасын бар тынысым. 
«Ақындық – ардың ісі» – деп білгесін, 
Ел үшін – әр іс, әрбір талпынысым. 
Сондықтан жасымаймын, жабықпаймын, 
Жырымның жұпары ашып жан тынысын. 
Қырқылып түскенінше қызыл тілім, 
Қызмет етсем болды халқым үшін. 

Күш-қуат бітіретін кіл қаламға, 
Ақындай ардақты жоқ бұл ғаламда. 
Кезектесіп өзіңмен сөз сөйлейін, 
Зымырап, тарта бермей, зулап алға, 
Қалжыңнан қазы-қарта ұсынғайсың, 
Құрдастық қағытпадан құр қалам ба? 
Келіншегің өкпелеп жүрген жоқ па,
Біреуге хат жаздың, – деп, – бұл заманда. 
Сүбелі сөз айтыңыз, ақын құрдас, 
Жастарға бізден кейін үлгі аларға.

Нұрқанат:

Бағила, Бағилажан, Бағила бал,
Әр сөзіңе риясыз жан иланар.
"Әйелді мақтап қана жеңе аласың", –
Дейтұғын еркектерде қағида бар.

Мен сені бөтен оймен мақтамап ем,
"Бауыздап жүрме, – депсің, – мақтаменен".
Онысыз да сіз-біз десіп, сыйласқансып,
Бір-бірін жақтан жоқ па қақтап әлем.

Тіліп түсер жүзіндей селебенің,
Өрелі ойға өртенген өлең едің.
Жазы өтіп, күзі келген көбелегім,
Сөзімнен секем алдың неге менің?
Бар болғаны – жақсыны жырға қосып, 
Нұрын бір тасытайын деген едім.

Сен соған, құрдас, қатты ойланыпсың,
Депутат болуға да сайланыпсың.
Алдағы науқандағы сайлаушылар,
Осы бір ниетіңнен ой қалықсын.
Әй, бірақ ешкім саған дауыс бермес,
Қоң жиып алмағасын жайланып шын.
Бары – Жыр, байлығы – өлең Бағиланың,
Бағасын қараша жұрт қайдан ұқсын?!

Сезім қуып, жыр жазған самғап арман,
Көп шайырдың басы, рас, дауда қалған.
Әйелдері қызғанып, шу-шұрқан ғып,
Ақынның алтын басын шаңға малған.
Соны ойлап уайым жепсің, бірақ біздің,
Қазіргі қызғанышта мән қалмаған.
Келіншегің өкпелеп жүрмесін деп, 
Жағдайымды ойлапсың аңдап алдан.
Мен де оңай шағылар жаңғақ емен,
Бұл жағын о бастан-ақ қамдап алғам.
Кезінде арулардың ішіндегі,
Тіл білмейтін біреуін таңдап алғам.
Ол байғұс менің шимай-шатпағымда,
Шаруасы жоқ, ақ көңіл, аңғал адам.

Аузың берік болса да бәле екенсің,
Құрдастық қағытпадан дәметесің.
Оразаңды бұзып ап жүрмейміз бе?
Алла деген иманды жан екенсің.

Екеуміз осы айтыстың кәрісіміз,
Жастарға үлгі болсын әр ісіміз.
Жүгермектер шаңдатып өте шығар, 
Сондықтан шау тартпасын шабысымыз.
Қырықтың жетеуінде менің жасым,
Қырықтың нешеуінде сенің жасың?
Құрдасым менен гөрі кәрірек қой,
Деген бізде әйтеуір сенім басым.
Ең кәрі деген атақ кімдікі екен?
Осының айтып берші жөн-ырғасын.

Кәрі болсаң, жастарға бата қылып,
Жіберерсің деген бір жатады үміт.
Бір күндік үлкендігің анықталса,
Алайын сені өзіме апа қылып.
Ал, апа, жауабыңды жаңсақ айтып,
Ұятқа қалдырмассың қата қылып.
Кезегіңді берейін, жырыңа бас,
Сақалы – құт, мәні мол мақамы нық.

Бағила:
Ежелден берік қызбын ар-ибаға, 
Оқысаң пікірімді сәл илана. 
Құрдастық қалжыңыңнан дәме қылсам, 
Сүйенген ем қазақы қағидаға. 
Сөзімнен алмағайсың секем күнім, 
Белгілі болды аңғал екендігің. 
Білуші ем, мен қазақы қағидада, 
Қасиетті төрттер бар екендігін. 

Ол үшін көңілде жоқ кірбеңіміз, 
Өрелі ойыңызбен үлгі едіңіз. 
Төрт халифа, төрт кітап, төрт періште, 
Бұл жөнінде бар еді білгеніміз. 
Төрт күнә, төрт қылыш пен төрт қалжың бар, 
Ақиқат, анық ойға түйгеніміз. 
Төрт қалжың алғашқысы – құрдастікі, 
Анықтап, ой аңғарын үйреніңіз. 

Жаныма салмағайсың жүдә қайғы, 
Көзге атқан мергендейсің құралайды. 
Халқымның жөн-жосығын ескергейсің, 
Әйел мен ақын жасын сұрамайды. 
"Апа қылам, бата қыл" дегенді айтып, 
Ойыңыз қай бағытты тұралайды?
Ер азамат тұрғанда, құрдасым-ау, 
Әйелден халқым бата сұрамайды. 

Жарамас бос сөз сөйлеп бөскеніміз, 
Ұлылар салып кеткен көшке еріңіз. 
Жүгермектер шаңдатып өте шықса, 
Қоғамда алға жылжып, өскеніміз. 
«Мен жастарға сенемін», – дегенді айтқан, 
Мағжандай ақын сөзін ескеріңіз. 
Жастарды өзімізден оздыра алсақ, 
Бұл біздің мәселені шешкеніміз. 

Көңілді бөтен сөзбен суытпаңыз, 
Сері өлеңді сергітіп, ұлықтаңыз. 
Кәрілік даналықпен өлшенбей ме? 
Ойымның астарынан сыр ұқсаңыз. 
Мінез, Ажал, Кәрілік деген және 
«Үш дауасыз» барлығын ұмытпаңыз. 
Алланың бергеніне тәубе қылып, 
"Бермесін аламын" деп құнықпаңыз. 

Ақынсыз сөзі нәрлі, өнегелі, 
Өрнегі өлеңіңнің бөлек еді. 
Сипаттамаң жөнінде сыр ақтарсам, 
Сөзді дұрыс ұғыну керек еді. 
Қоң жиып, жайланып шын алу жайлы, 
Ой айтып меңзедіңіз неменені?

Кем емес өзгелерден ой-ақылым, 
Талабым көп өзіме қоятұғын. 
Қараша ел қаласа, ескергейсің, 
Ханның жалғыз түйесін соятынын. 

Бір Аллам ақындықты нәсіп еткен, 
Аулақпын шен аңсайтын қасіреттен. 
Барым – жыр, байлығым – сөз, оның анық, 
Ен салдым «Өлең» деген қасиетке. 
Қадірлім, бар қалауым – самғағаның, 
Шұрайлы сөз асылын арнағаным. 
Берейін сөз кезегін енді өзіңе, 
Жіберші құрдасыңның жалғап әнін.

Нұрқанат:

Құрдас-ау, ой айтыпсың анық құптар,
Бабамның әр сөзінде парық, құт бар.
"Әйелдің тілі ұзын, ақылы қысқа",
Деп қалай тауып айтқан жарықтықтар.

Аңдасам, Арқалықтың ар ақынын,
Мен жаққа бағыттапты бар ақылын.
Талай ер-азаматтың бағын ашқан,
Ананың ақ батасы болатұғын.
Қазақтың зер сап көрсең әр сөзіне,
Астында киесі бар қанатының.
«Әйел бата бермейді» – деген сөзің,
Ата тәмсіл ақылға қонатұғын. 
Данагөй бабаларым шын данышпан, 
Аңдай алған әр істің соң-ақырын,
Әйелдерден бір нәрсе сұрай қалса,
Білген ғой басы дауға қалатынын. 

"Әйелден бата мен жас сұрамайды",
Деп Бағила басымды дуалайды. 
Сұрамайтын еді ғой көз тиер деп,
Қыздың жасын толысқан, нұр-арайлы.

Жүрегінде от, көзінде шоқ тұнатын,
Қызуы мол қыз шағың өтті бәлкім.
Қылығың бар екенін байқаттың-ау,
Әлі де қыз болғысы кеп тұратын.

Астана боп тұрғанда бас тақырып,
Арзан сөзге қайтеміз бас қатырып.
Құрдас қалжың дегеннің жөні осы деп,
Көрсетпейік бейәдеп, аспа қылық.

Бұқар салған байырғы ұлы ізге еріп,
Өзегінен өлеңнің нұр ізделік.
Жырлайық жиырмадағы Астананы,
Қырықтың қаламынан қымыз беріп.

Сарыарқадай сән беріп сары белге,
Құт болып қона қалған қалың елге.
Астана – бар қазақтың айбыны ғой,
Әр қадамын бастаған Тәңір өрге.

Басынан өткен талай нала-сүргін,
Астана – ақ арманы алашымның.
Қақ төріне жайғасқан даласының,
Асқақтығы қазақтың баласының.
Алайда бәзбіреулер кері тартып,
Әлі де қояр емес адасуын.
Астананы жатып кеп ғайбаттайды,
Тартып алып қойғандай бар асылын.
Бар мен жоқтың себебін билікке артып,
Кесір сөзден алады жан ашуын.
Жаратқан, иман, ақыл, парасат бер,
Алауыз ете көрме Алаш ұлын!

Елордам жанға шуақ, маңдайға құт,
Тарыдай басқа қонған таудай бақыт.
Сол бақытты нық ұстап тұру қиын,
Өшкен жаман алаулап жанбай жатып.
Астанам деп жар салып жарты әлемге,
Қанша әуіреге түскенмен сор қайнатып.
Танымайды оны ешкім, ең әуелі
Қазақтың өзі танып алмай жатып. 

Елордам аман тұрса асқаралы,
Талай белдің алынар тас қамалы.
Ақ құрдасым, өзің де жырға қосып,
Әдіптеп, әспеттеп өт Астананы.
Әдетте алашымның ақ пейілі,
Ақынының сөзімен расталады.
Ал енді өлеңіңді өбектей бер,
Бесікке бөлегендей жас баланы.

Бағила: 
 
Өзіңе берілгенде сөз кезегі, 
Белгісіз ақындайсың көздегені. 
Ойымды «Анық құптар ой» дейсіз де, 
Бағытың басқа жаққа өзгереді. 

«Әйелдің тілі ұзын, ақылы қысқа» – 
Жағымсыз естіледі осы нұсқа. 
Әйел – анаң, жан жарың, қарындасың, 
Қате айттың бұл ойыңды қапылыста. 

Айтылған пенделікпен дерек екен, 
Ниетің кейде, құрдас, бөлек екен. 
Әйелдерді жырлауды, негізінде, 
Ермановтан үйрену керек екен. 
 
Өзгеше ой толқынын қуаладың, 
Ақиқат менен бата сұрағаның. 
«Ел анасы» болғанда бата берер, 
Осындай жөн сөзімді құп аларың. 
Мен ондай дәрежеге жеткенім жоқ, 
Арасы жер мен көктей бұл араның. 
«Ер азамат тұрғанда бата бермес»,- 
дегенді бұрмалама, сұранамын. 
 
Айтуға сөз анығын еріктімін, 
Ешкімнің жүргенім жоқ теріп мінін. 
Аналар үлес қосып, сақтай білген, 
Мемлекеттің уығы беріктігін. 
 
Сөз айталық көңілді өрлететін, 
Аналар қадіріне ел жететін. 
Алтын құрсақ аналар бесігімен, 
Аман болғай әлемді тербететін!
 
Астанам, ару қалам, асқақ ордам, 
Өзіңсің, бақыт-құсым басқа қонған. 
Елдіктің, еркіндіктің тұғырысың, 
Өзіңнен бар қасиет бастау алған. 
Шәйірлер сан-салалы жырын арнап, 
Қастерлеп, есіміңді тасқа жанған. 
Қазаққа Тәңірімнің тартқан сыйы, 
Арайлы, шұғыласын шашқан ордам. 
 
Өзіңнен бастау алған аппақ арман, 
Адамзатқа шұғыла шашқан ордам. 
Арманын алты алаштың асқақ қылып, 
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам. 
Тасытып мерейімді мейманына, 
Айналдым сені берген бақ-таланнан. 
Сан ұлттар саялайды баурайыңды, 
Ұжымақтың өзіндейсің баққа оранған. 
 
Бойтұмар болған қалам қазағыма, 
Көз тоймас, келбетің мен ажарыңа. 
Асқақ қып абыройын Алашымның, 
Әлемнің іліктірдің назарына. 
Еркінмін, Елордам бар бір өзіңдей, 
Осы ғой сыр ұққанға ғажабы да! 
Мерей той құтты болсын, ару қалам,
Бақыттың жол сала бер базарына! 

Іркейін, осыменен аттың басын, 
Құрдасым, өзіңді Алла жат қылмасын! 
Жаны ізгі, ойы көркем, бір өзіңдей, 
Білемін, алтын құрдас, таптырмасын. 
 
Құрдасым, баға беріп құндағаным, 
Қалжыңды қалыппенен тыңдағаным. 
Өзіңдей асылдармен сынға түсіп, 
Айтыстың айдынында шыңдаламын. 
Жан-жарың, аман болсын бала-шағаң, 
Батпасын ешқашанда мұңға жаның!

You may also like...

14 Responses

  1. Нұрлыбек айтты:

    Әдемі-ақ. Екеуі тең дәрежеде айтысқан. Көркемдік жағына келгенде, Нұрекең басымдау шыққан. Маған салса, 10-9 есебімен жеңісті Құлабаевқа берер едім.

  2. Фархат айтты:

    Нұрқанат:
    "…Ал енді өлеңіңді өбектей бер,
    Бесікке бөлегендей жас баланы"

    "Тіліп түсер жүзіндей селебенің,
    Өрелі ойға өртенген өлең едің.
    Жазы өтіп, күзі келген көбелегім,
    Сөзімнен секем алдың неге менің?…"

    "Сезім қуып, жыр жазған самғап арман,
    Көп шайырдың басы, рас, дауда қалған.
    Әйелдері қызғанып, шу-шұрқан ғып,
    Ақынның алтын басын шаңға малған".

    Бағила:
    "Әйел – анаң, жан жарың, қарындасың,
    Қате айттың бұл ойыңды қапылыста". 

    "…Төрт халифа, төрт кітап, төрт періште, 
    Бұл жөнінде бар еді білгеніміз. 
    Төрт күнә, төрт қылыш пен төрт қалжың бар, 
    Ақиқат, анық ойға түйгеніміз. 
    Төрт қалжың алғашқысы – құрдастікі, 
    Анықтап, ой аңғарын үйреніңіз".

  3. Бақыт айтты:

    Көркемдік жағынан Нұрқанат ініміз басымдау болғанымен, аңдысын аңдып отырып, ұтымды,ұтқыр ой айтуда Бағила қарындасымыз озық тұр екен.

  4. Қолқоюсыз айтты:

    Сөз жоқ Əдемі өткен?

  5. Бағила айтты:

    Өнерде қанатың талмай өрлей беріңіз.  

  6. Айман айтты:

    Өте жақсы айтыс . Екі ақынның да тəжірибелі ақындар екені байқалады. Екеуінің де сөздік қоры бай,  жарасымды жұп екен.

  7. Мира айтты:

    Керемет жұп, сөз саптауларыда келісіп тұр . Əрине мен Бағила Балмашовнаны қолдаймын. Алға 

  8. Жұлдыз айтты:

    Бағила Кенжеғарақызы, ұтқыр ой, ұтымды əзіліңізбен əрдайым ерекшеленіп тұрасыз. Қаламыңыз мұқалмасын! Тыңдарманыңызды жаңа туындыларыңызбен сусындата беріңіз! Нұрғанат ағай, Сізге де ақ жол тілеймін! 

  9. Батыр айтты:

    Багила апай тек алга!

  10. Айым. айтты:

    Өнерде қанатың талмай өрлей беріңіз.  

  11. БАКЫТКУЛ айтты:

     

    Жарамас бос сөз сөйлеп бөскеніміз,  Ұлылар салып кеткен көшке еріңіз.  Жүгермектер шаңдатып өте шықса,  Қоғамда алға жылжып, өскеніміз.  «Мен жастарға сенемін», — дегенді айтқан,  Мағжандай ақын сөзін ескеріңіз.  Жастарды өзімізден оздыра алсақ,  Бұл біздің мәселені шешкеніміз. Бағила Балмашеваның  Егемен елдің ертеңін жасар жастарға қолдау көрсетіліп, зор үміт артылған жыр шумағы өте қатты əсер етті.Сізге сəттілік тілеймін.Өнеріңіз өрлей берсін!

  12. Данияр айтты:

    Нұрқанат Құлабаев жеңіске жетті деп ойлаймын. Бағила апамыз жолың берер

  13. Берiк айтты:

    Осындай айтысты уйымдастырган кисилерге Алла разы болсын! Керемет! Багила тате ??
     

  14. Айдын айтты:

    Екі ақын да шын жүйріктер екен. Тең дəрежедегі айтыс. Өнерлеріңіз өрге жүзсін! Сөздік қоры бай,, сөз мəдениеті жоғары айтыс екен. Тамаша!!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓