Еңбек мәселесі күн тәртібінде

 

2018 жылғы наурызда Қостанай облыстық әкімдігінің, өңірлік жұмыскерлер бірлестігінің және жұмыс беруші ұйымдарының арасында 2018-2020 жылдарға арналған келісім жасалды. Ол кәсіподақ бірлестіктерімен өзара тығыз байланыста еңбек қатынастары, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік, еңбек нарығын дамыту, сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

 

фото5555

Қостанай облысындағы әлеуметтік әріптестікті және тұрақты негіздегі жұмысты одан әрі дамыту мақсатында өңірімізге ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов келді. Жұмыс сапары қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған облыстық семинар қатысушыларымен кездесуден  басталды. Бұдан соң мыңнан астам еңбек ететін «СарыарқаАвтоПром» серіктестігін және «Большевичка» тігін фабрикасын аралап көрді.

Кәсіподақтар федерациясының төраға болып сайланғанына көп уақыт өтпесе де, Е.Тоғжанов бұған дейін еліміздің Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды өңірлерін аралап келіп отыр. Ал бүгінгі күннің аяғында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесу өткізіп, еңбек нарығындағы ахуал мен алдағы жоспарларын ортаға салды.

4444фото

– Біз барған облыстарда жұмысшыларға қатысты бірқатар мәселелерді көрдік. Қағазда бәрі дұрыс, терең талдай келгенде, жағдай мүлдем басқаша. Ал Қостанай кәсіпорындарында жағдай тұрақты, әлеуметтік пакеттері толық, жұмыскерлерге жағдай қарастырылған. Осы себепті аймақ басшылығына алғыс білдіремін. Қостанай облысында 120 мыңнан астам адамды қамтып отырған 1462 кәсіподақ ұйымы бар. Кәсіпорындардың 14%-ы кәсіподаққа мүше. 10614 кәсіпорынның 6975-і немесе 65,4%-ы ұжымдық келісімге отырған. Ірі кәсіпорындар арасында 98,1%, орта кәсіпкерлікте 100%. Бұл республикадағы деңгеймен салыстырғанда, жоғары көрсеткіш. Алайда мұндай көрсеткішті шағын бизнес саласында да арттыру керек. Бұл бір ғана кәсіподақ федерациясының емес, билік және жұмыс берушілердің бірлескен күшімен орындалатын шаруа. Елбасы, Мемлекет басшысы қойған нақты міндеттер бар. Күн тәртібіндегі басты мәселе – еңбек жағдайын жақсарту, соның ішінде еңбекақы деңгейінің артуы, жұмысшылардың құқын қорғау, – деді Е.Тоғжанов.

Келесі мәселе – жұмысшылардың өндірістік жарақат алуы мен науқасқа шалдығуы. Денсаулыққа қауіпті жұмыс көптеген кәсіпорындарда бар. Олар көбіне құрал-жабдықтардың тозуы қауіпсіздік ережелерінің бұзылуына әкеп соғады. Біздің аймағымызда жыл басынан бері 77 адам жарақат алса, 7 адам қаза болған.

Федерация төрағасы алдағы 26 қарашада Үкіметте еңбек қатынасына қатысты бірқатар өткір мәселені қамтыған отырыс өтеді деді.

фото3333

Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов өңірде еңбектегі даулы мәселелердің, соның ішінде жалақы берешегінің жоқтығын жеткізді. Тек банкроттық жариялау туралы сот процесі жүріп жатқан екі серіктестік бар. Бірінің берешегі – 11 миллион, екіншісінікі – 4 миллион теңге.

Шара барысында кәсіподақ саласына еңбек сіңірген бірқатар азаматтар марапатталды. Соның ішінде Б.Ертаева ҚРКФ «Кәсіподақ ардагері» белгісін, Е.Будилова, А.Есмағамбетов, Ж.Құсайынов ҚРКФ «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісін тақса, Н.Дрозд ҚРКФ Құрмет грамотасына ие болды.

фото 1

Кездесу соңында облыс әкімі мен федерация төрағасы екіжақты келісімге қол қойды.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.

фото 222

             

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓