Аймақ басшысы Амангелді ауданында
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Амангелді ауданында болды. Ол бұл туралы "Инстаграм" желісіндегі парақшасында жазды.
Алдымен облыстық маңызы бар «Әулиекөл-Жалдама» автомобиль жолының учаскесін орташа жөндеу барысымен танысты. Автомобиль жолын жөндеуге 3,9 млрд теңге бөлінді, жөнделіп жатқан учаске ұзындығы – 100 шақырым. Жұмыстарды осы жылдың күзінде аяқтау жоспарлануда.Аймақ басшысы бұдан кейін жалпы білім беретін Жасбуын орта мектебін аралап көрді. 1972 жылы салынған. Осы мектепте 177 оқушы білім алуда. Аталған мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды.Келесі нысан – А.Боранбаев атындағы мектеп интернаты. 2000 жылы ашылған интернат 70 орынға есептелген. Бүгінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 135,8 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде."Одан әрі халықтың әлеуметтік осал топтарына, апатты үйлерден шыққан тұрғындарға арналған жатақхана ғимаратын қайта жаңарту барысын қарап шықтым. Жобаның жалпы құны – 17 млн теңге. Бүгіннен бастап тұрғындар жаңа пәтерлеріне қоныстанды. Сондай-ақ, М.Мәметова көшесіндегі № 23 үйге бардым. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 169,4 млн теңгеге қайта құру жұмыстары жүргізілуде, 30 жұмыс орны құрылды, оның 15-і – жұмыспен қамту орталығынан. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда", – деп жазды облыс әкімі.Одан кейін облыс басшысы орталық стадиондағы қайта құру жұмыстары барысын тексерді. Мұнда футбол алаңы, жүгіру жолдары жаңартылып, баскетбол және волейбол алаңдары жасалған. Жоба құны – 52 млн теңге. Жұмыстар осы жылдың шілде айында аяқталмақ.Аймақ басшысы бас сұққан соңғы нысан – осы жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істейтін «Амангелді – көмек алаңы» фронт-кеңсесі. Мұнда аудан тұрғындарына жеке мәселелер бойынша, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша кеңес беретін мамандар бар.Сапар соңында А.Мұхамбетов аудан әкімі Ә.Б. Асановқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыстар жүргізуді, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев