Қостанай театрына құрмет

Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театры биылғы шілдеде Моңғолияға гастрольдік сапармен барып қайтқанын бұған дейін де хабарлағанбыз. Ұжым Баян-Өлгийдегі бауырлар үшін «Ботақара-Шешенбике» қойылымын әзірлеген болатын. Премьера М.Құрманхан атындағы Баян-Өлгий аймақтық «Алтын жұлдыз» орденді музыкалы драма театрында өтті. Спектакль тұсаукесері шетелде өтуі театрдың жиырма жылдық тарихындағы елеулі жаңалық.

78474743_1741323552669147_4587398394980335616_n
Қойылымды қандастарымыз өте жақсы қабылдады. Иін тірескен зал толы халық тік тұрып алақан ұрды. Ел ағалары жылы лебіздерін білдірді. Үш бірдей әріптесіміз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров (Очир тәйжі) және Аслан Кенжетай (Ботақара) мен Мөлдір Құбаш (Шешенбике) «Моңғолияның мәдениет саласының үздігі» медалін иеленді, мұның сыртында Мөлдірге Моңғолия әйелдеріне берілетін ең жоғарғы орден табысталды. Бұл шетелдегі қандастардың Қостанай театрының өнеріне көрсеткен айрықша құрметі.
Қойылымда 17-18 ғасырлардағы қазақ-қалмақ соғысы баяндалады. Басты кейіпкерлер Ботақара мен Шешенбике өмірде болған тарихи тұлғалар. Мұнда тек қырғын атыс-шабыс емес, екі халықтың жастарының достығы, махаббаты, татулыққа ұмтылысы дәріптеледі. Спектакль авторы Әскерхан Ақтай, қоюшы-режиссер Әлия Баймахан.

76905573_1741323596002476_1099123049199828992_n
Баян-Өлгийдегі премьерадан соң көрермендердің пікірін білген едік:
Тайып Тәукейұлы, ардагер әртіс, режиссер, ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі:
– Қостанай театры ұжымын бұрыннан білуші едім. Өзім Арқалыққа тұрғанда шығармашылық байланыста болдым. Қазір труппа түгелдей дерлік жаңарыпты.
Спектакль ойдағыдай өтті. Тарихи шындыққа жанастырылып жазылған. Қазақ пен Қалмақтың тек жауласуын емес, достығын көрсете білген. Әсіресе, Ботақара рөліндегі Аслан, қалмақ қызын сомдаған Мөлдір тамаша ойнады. Қалған әртістер де көңілден шықты. Өзім режиссер ретінде айтарым , спектакль өте ыңғайлы, ықшам, шартты белгілермен қойылған. Шымылдық бір ашылғаннан кейін қайта жабылмайды. Оқиға бір-ақ сахнада, ішкі темп, детальдар қозғалысымен ойналады. Көптен бері ризашылықпен тамашалаған спектаклім болды.
– Баян-Өлгий театры – шетелдегі жалғыз қазақ театры және кезінде алтын орден алған ұжым. Мұнда үлкен дәстүр, тамыр бар. Көрермендері сөз қадірін біледі. Шын өнерді тани алады.

Бақытхан Солтанбай, Қазақстан тарихшыларының Ұлттық конгресінің мүшесі, «Абақ керей Ботақара» ҚБ вице-президенті:
– Қойылым барысында халық әр эпизод, әр сөзге қол шапалақтап, рухтанып отырды. Мұның өзі Қостанай театры труппасының шын шебер, өз ісіне адал берілген, қандай образды да алып шыға алатын кәсіби мамандар екенінің дәлелі. Тілдері жатық. Сөздері айқын. Беріліп ойнайды. Спектакль барысында халықты біресе ду күлдіріп, енді бірде көзіне жас алдырып, жылатып отырды. Сондай әсерлі қойылым болды. Бұл бізді қуантты, баба рухын бір аунатты. Қоюшы-режиссері Әлия Баймаханның еңбегіне, ізденісіне тәнтіміз. Тарихи тақырыпты заманауи үлгіде алып шыға білген.
Осындай спектакльді әзірлеген ұжымға, рухани жаңғыруды іс жүзінде атқарып жатқан Қостанай облысы әкімдігіне, мәдениет басқармасының басшысына алғысымыз шексіз. Моңғолиядағы қандастарыңыз Сіздердің бұл құрметтеріңізді ұмытпақ емес! Келешекте «Қытайдағы, Еуропадағы бауырларымыз да осы спектакльді көрсе» деген арман көңілді қытықтады. Бұйырса ол да болып қалар деген үміттеміз.

Абылай Фазылханұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓