Қостанайда “Таған” театры ашылды

Қостанайда жеке қазақ театры ашылып жатыр. Негізін қалаушы актер – Төленді Әлқожа. Бұл есім бізге І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры арқылы таныс. Талай рөлдерді сәтті сомдап жүрген актер. Енді Төленді театрдан шығып, жеке ұжым құрып жатыр. Театр атауы да қызық. Ойласа келе «Таған» атауын беруді жөн санапты. Демек, төрт таған, тіреуі мықты, тіреніші, төрт тұғыры бар деген мағына ғой. Қараша айының 25-26 жұлдызында театрдың шымылдығы Ахаң спектакльімен ашылып, алғашқы қойылымы болады. Пьеса авторы – режиссер, драматург, ҚР халық әртісі Ерсайын Төлеубай, ал суретші сценограф  Мәдениет саласының үздігі Құрманғазы Каржанов. Өнерде жүрген қыз-жігіттердің бастап жатқан істеріне сәттілік тілей отырып, жұмыстарымен танысқан едік.    –Төленді, жаңа театр жұмысын бастап жатыр деген жаңалықты естігенде таңқалғаным рас. Себебі бізде мемлекеттік өнер ордаларынан бөлек шағын театр, оның ішінде қазақ театры жоқтың қасы. Бұл – біздің өңірге керек дүние. Мұндай бастамаға қалай келдіңіздер?
            –Театр ашамыз деп ойлап жүргенімізге біраз болған еді. Сәті Ахмет атамыздың 150 жылдығына тұспа-тұс келіп тұрған сыңайлы. Мамыр айында еңбек етіп жүрген облыстық қазақ драма театрынан белгілі себептермен жұмыстан шығып қалдым. Қапа болмадым, әрі қарай дамудамын, өнер жолында жүрген соң Ахаң жылына қандай үлесімізді қоса аламыз деген ой мазалады. Халыққа рухани күш беретін тың дүние ұсынғымыз келді. Ойда жүрген жоспардың сәті келген сияқты деп әріптесім, актер Аслан Кенжетай екеуміз белді бекем буып, театр құрдық. Бұл бір жағынан жыл қорытындысы да болмақ. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығында ел болып көп дүниелер атқарып жатыр. Әр қазақ өз үлесін қосуда. Осылайша өзіміз құрған театрдың шымылдығын Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханұлы туралы спектакльмен ашпақпыз. Ол кісілердің аруағы бізді қолдасын, ұлт көсемі болған тұлғалардың өмір жолы, мұрасын тағы бір паш етейік деген ой болды.  Спектальді ұстазымыз, драматург Ерсайын Төлеубайға арнайы жаздырттық. Ол кісі бізді қолдап, қалаға келіп, қазір премьераға дайындық қызу жүріп жатыр. 
Театр құрамында кімдер бар, бағыты қандай болмақ? Қаржыландыру мәселесі қалай шешілуде?
– Спектакльде қазақ драма театрының актерлері де ойнайды. Ал театрды өзім бастап, Асылан қостап ашсақ та, Нұрлыбек Кенжеахметов, Қуаныш Маратұлы, Нұрлан Байшин, Марғұлан Әбдібеков, Жұматай Ахметхан, Ғабит Қызыров, Қымбат Әуезханова, Ақбота Ықылас, Зәуре Сүндет сынды өнерде жүрген қыз-жігіттер қолдап, премьераға дайындалуда. Алғашқы премьера «Мирас» мәдениет үйінде болады. Бұл мәдениет ошағы бізге ыстық. Неге десеңіз бұрын облыстық қазақ театры сол жерде ашылып, өзіміз еңбек жолын бастап, сол ұжымда 13 жыл еңбек еткен екенмін. Қостанай өңірінде тағы бір театр ашылып жатса артық болмайды деп ойлаймын. Театр жеке болған соң әр түрлі жанрда жұмыс атқаратын боламыз. Қаржы жағына тоқталар болсақ көптеген кәсіпкер азаматтар қолдау білдіріп, өз күшімізбен жүзеге асуда. Жетпегенін қалтамыздан қосып жұмыс істей бермекпіз. Театр ашу оңай емес екені белгілі. Қаншама адамның еңбегі, сахнаға керекті дүниелер бар дегендей. Қазір жалға ғимарат алып, өзміздің уақытымыздың ыңғайына қарай, түнделетіп болса да еңбек етіп жатырмыз. Әрине, жаңа бастап жатқан іс болған соң оңай болмасы түсінікті. Бірақ бастаған іске бар күшімізді салудамыз. Халық қолдау білдіріп жатса еңбегіміздің жанғаны.
– «Таған» атауын көпшілік түсінбей жатыр. Неге осы атауға тоқталдыңыздар?
– Театр атауы жөнінде көп ойландық. Ойласа келе бәріміз келіскен атау осы «Таған» болды. Себебі осы театр ашуды бірден төрт жігіт Мен, Асылан Кенжетай, Нұрлыбек Кенжеахметов және Қуаныш Маратұлы қолдаған еді. Осы ойымызды өнердегі ағаларымызға, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлына, облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаевқа айтып, алдарынан өтіп, батасын алып, бастаған да осы төртеуміз. «Төрт тұғыр, төрт тіреу, төрт құбыла» деген мағынаны білдіреді. Алғашқы гастрольдік сапарымызды Жанкелдин, Аманкелді аудандары, Арқалық қаласына барсақ дейміз. Осы бастамамызды облыстық мәдениет басқармасы, ел ағалары қолдап, тілекші болып жатқандары қуантады.
–Рахмет, сәттілік тілейміз. «Таған» театрының тұғыры биік болсын.    
             Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓