«Жадыраға» – 25 жыл!
Рудный қаласында қазақтың ұлттық өнері мен салт-дәстүрлерін дәріптеп жүрген «Жадыра» ансамбліне 25 жыл толды. Осыған орай қалалық кітапханада мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Шара барысында ансамбль ұжымы «Ақтілек», «Менің қазағым», «Үкілім-ай», «Асыл ана», «Бар ма менің жазығым?», «Рудный», «Күміс құмған-ай» сынды әндерді нақышына келтіріп орындады. Өнерпаздар тек әнмен ғана шектелмей, атадан келе жатқан игі дәстүр «Бесікке салуды» көрсетті.
«Жадыра» ансамблі қазақ елі өз тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста құрылды. Оның көркемдік жетекшісі – Ая-София Бірмұқанова, ал хормейстер – Владимир Лущ. Ая-София Біләлқызының айтуынша, ансамбль жасы шамасы 50-ден асқан 17 адамнан құралған. Қазіргі күнде репертуарында 60-тан аса халықтық және авторлық әндер бар. Ұжым қала мен облысымыздағы көптеген мәдени іс-шараларға белсене араласып, түрлі ән фестивальдері мен байқауларда талай мәрте топ жарған. Облыстың мәдени дамуына сіңірген еңбегі үшін «Жадыра» ансамбліне наурыз айында «халықтық» атағы берілмек.
-Бұл тек бастамасы ғана. Алда үлкен жоспарлар күтіп тұр. Қостанай облысының 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға өз үлесімізді қосуға дайынбыз, – дейді ансамбль жетекшісі.
Біз, өз кезегінде, халық әндерін кеңінен насихаттап, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ұжымның алар асуы одан да биік болсын деген тілектеміз.
Фариза Құлымбетова,
«Алые паруса» мәдениет орталығының қызметкері