«ҚАЗБАТ» көркем фильмі көрерменге жол тартты
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылдың 10 маусымындағы ҚР қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмасына сәйкес ҚР ұланының имидждік бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Аталмыш бағдарламаның тармақтарының бірі – құқықтық тәртіп әскері туралы толық метражды көркем фильм және телесериал түсіру болатын. Осы бағдарламаның негізгі талаптарын орындау аясында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша отандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасымен бірлесіп, еліміздің ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне енетін Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерліктерін көрсету мақсатында «ҚАЗБАТ» атты толық метражды фильм түсірілді. Шынайы оқиғаға негізделген отандық фильмінің қаламыздағы «Қазақстан» кинотеатрында жабық көрсетілімі өтті. Шарада қалалық 6697 әскери бөлімінің жеке құрамы мен арнайы шақыртылған қонақтар болды.
–Сюжет желісіне 1995 жылы Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұлан сапындағы 17 сарбаздың жанқиярлық ерлігі негіз болған. Елбасының жарлығымен 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі қаза болған соң берілді. Сондай-ақ, батыр боздақтың бәріне Ресей тарапынан да «За отличие в службе» медалі қаза болған соң берілді, – деді баспасөз конференцияда сөз алған Қостанай қалалық 6697 әскери бөлімінің командирі, подполковник Медет Есембаев.
Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде монумент тұрғызылды. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Отан-Ана» монументі жанынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған, сонымен қатар, Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда батырларға ескерткіштер қойылған.
– Көркем туынды Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында 1995 жылы көктемде бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндайды. Ол ұрыста Қостанай облысынан да жауынгерлер болған. Бұл жоба өскелең ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге және жастар арасында елдік пен егемендіктің қасиетін қастерлеуді насихаттауға бағытталған көрнекі құрал болмақ, – дейді Қостанай қалалық 6697 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Шораев.
Фильмде Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында, 1995 жылы көктемде бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндалады. 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауына түсіп қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланған еді. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Алайда, қазақстандық жауынгерлер жойқын тойтарыс беріп, бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін шабуылшылар кері шегінуге мәжбүр болды.
Фильмнің идеясын ұсынған – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, бас продюсері – Данияр Ибрагимов, қоюшы режиссері – Асқар Ұзабаев, қоюшы бас операторы – Максим Задарновский.
Көркем фильмді «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның қолдауымен түсірген. Аталмыш кинокартинада танымал, талантты актерлар – Дәурен Серғазин және Ринат Дошибеков, жас актерлар – Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы ойнайды.
Кинокартина бүгіннен бастап қалың көрерменге жол тартты. Ал фильмнің теледидарға арналған нұсқасы келесі жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасында қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай көрсетілетін болады.
Суреттерді түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ.