Ұрланған көлікті соғып тоқтатты
Осыдан бірер сағат бұрын Қостанайда полицияның патрульдік автомашинасы ұрланған көлікпен қашып бара жатқан мас жүргізушіні ұстау үшін қарама-қарсы беттен соғып барып тоқтатуға мәжбүр болған. Оқиға жайында облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қостанай қаласы полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері Жамбыл көшесінің бойында саунаның жанындағы тұрақтан күміс түсті "Skoda" автокөлігі ұрланғаны туралы "102" хабарлама алды. Бұл ақпарат полицияның барлық жасақтарына дереу хабарланды. Автомашина Баймағамбетов көшесіндегі "Автоураган" жүйесімен тіркеліп, бірден автопатрульдерге айтылды. Құрамында аға лейтенант Дархан Тоқтаров пен полиция лейтенанты Владимир Титов болған 524 экипажы көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын елемеген ұрлаушының соңынан түсті. Көлік ұрлаушы Алтынсарин көшесіне қарай жоғары жылдамдықпен жүйткіген күйі бірнеше рет авариялық жағдай жасап, сол арқылы қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірді. Взвод командирі полиция капитаны Қажымұрат Жұмағазинов пен полицияның кіші лейтенанты Нұрлыбек Байкенжиннің құрамындағы 523 автопатрулі қарсы қозғалыс жолағына шығып, көлікті зақымдап, өмірін қатерге тігіп жүргізушіні тоқтату туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде 31 жастағы жүргізуші ұсталды, ол орташа мас күйінде болған», – делінген хабарламада.
Взвод командирі полиция капитаны Қажымұрат Жұмағазиновтың айтуынша, құқық қорғау қызметі туралы Заңның 61-бабының 5-тармағына сәйкес, жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай жасаған кезде, полиция қызметкерлері көлік құралын зақымдау арқылы тоқтата алады.
Полиция машинасы да, ұрланған көлік те механикалық зақым алған. Соқтығыс барысында ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда департамент өкілдері таратқан видеода полиция автомашинасы ұры мінген көлікті соғып тоқтатқан уақытта жолдың шетінде тұрған үшінші бейтарап көлікті де сырып өткені анық байқалады. Баспасөз қызметкерлері бұл жайт бойынша қылмыстық іс барысында көлік иесі шығынды өтеп алу үшін азаматтық талап арызына жүгіне алады.
Айта кетейік, жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарғаны үшін 92 жүргізушіні ұстапты.