Қара шаңырақтағы төл мереке
Наурыз мейрамын жоғары дәрежеде атап өтуді дәстүрге айналдырған облыстық «Қостанай таңы» газеті Ұлыстың Ұлы күнін бүкіл ұжым боп тойлады. Ежелден халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мерекені былтыр өз табалдырығынан аттатып, ауыл-ауылға бөлініп, ұлтымызға тән қонақжайлықты көрсеткен-ді. Қазақы қалыпқа салсақ, «бір ауылдан түстеніп, бір ауылда қона жатып», редакция аппараты биыл «Рахат Лукум» шатханасында өзіндік ерекшелікпен тойлады.





Алдымен, Наурыз мейрамының басты кейіпкері Қыдыр Ата ұдайы ұлттық нақыштағы дүниелерді насихаттайтын, ақпарат айдынындағы ақ желкен – баспасөз ұжымына батасын берді.

«Қостанай таңы» газетінің Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков пен төл басылымның абыз ақсақалы Сәлім Меңдібай ағаларымыз басқосуға келген қонақтар мен әріптестерін Ұлыс күнімен құттықтап, табыс тіледі.

Е.Өмірзақов атындағы филармонияның белді термешілері Манапбек Қадыров пен Талғат Молдағалиев домбырамен халық әндерін шырқаса, жас әншілер де өнерлерін паш етті.





– Қыс қылышынан аман қалған жұрт бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Сондықтан да Ұлыстың Ұлы күні – мерекелердің мырзасы, тойлардың төресі, – деді ол.
«Рахат Лукум» шатханасының егесі, кәсіпкер Нұрлан Бейсенбаев қала аумағында қазақылықтың иісін аңқытқан айтулы жиынды ұйымдастырған ұжымға зор ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ.
Суреттерді түсіргендер Айбек Жүзбай, Бағдат Төлебай.