Sity-bus тарихқа сапар шектірді

Қостанайда қала күнін думандату аясындағы іс-шаралар басталды. Шаһар тұрғындарына шат-шадыман көңіл-күй сыйлау мақсатында кең ауқымды мерекелік жоспар құрылып отыр. Іс-шаралардың алғашқы легі 5-6 тамыз күні жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Менің қаламның тарихы» атты ерекше жоба аясында екі қабатты экскурсиялық екі автобус Қостанай көшелерін аралауға шықты. Олар қала орталығынан мәре алып, бірі Гашек көшесіндегі «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» жағалауына дейін, екіншісі Жастар сарайына дейін арнайы құрылған маршрутпен қатынады. Соңғы нүктеге жеткенше кәсіби экскурсия жүргізушілері жолаушыларды Қостанай қаласының бай тарихы туралы қызықты деректерден хабардар етті. Тұрғындарды белсенділікке тартып, викториналар жүргізіп, түрлі сайыстар өткізді.«Орталықтан Жағалауға бағыт түзеген автобустардың біріне міндім. Жолаушылар сапары өте көңілді өтті. Білікті мамандар сүйікті қаламыздың арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, көңілді ойындар ұйымдастырды. Қостанайлықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады», – деді іс-шараның бел ортасында жүрген қала әкімі Марат Жүндібаев.
Sity-bus-тардың сапары мұнымен тоқтаған жоқ, олар 12 және 13 тамызда да көрікті қаламыздың көшелеріне тағы да шыққалы отыр.Айта кетейік, сол күндері Сити-орталықта «Жастар сарайы» ғимараты алдында және Гашек көшесіндегі жағалауда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жиылған жұртшылыққа ән-күйден шашу шашып, алда келе жатқан мерекемен құттықтады.
Мерекенің көрігі қызар шақ әлі алда. Нақтысында, 19-20 тамызда қостанайлықтар мен қала қонақтарын сан-алуан мәдени-көпшілік іс-шаралар тосып тұр. Ұйымдастырушылар сити-орталықта, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» жағалауында, облыс әкімдігі алдындағы орталық алаңда және А.Байтұрсынұлы көшесінде өтетін мерекелік бағдарламалар арқылы қалың көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлауға уәде етіп отыр.
Ерболат Әлім
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓