Кенші жұрт жырға кенелді

Рудный қаласында ақындар айтысы өтті. Ұлттық өнер сайысы "Рухани жаңғыру" бағдарламасын, Жастар жылын насихаттауға, Абайдың 175, Би-ағаның 125 жылдығына арналып ұйымдастырылды.WhatsApp Image 2019-11-19 at 10.13.51
Естеріңізде болса, кеншілер қаласындағы №7 мектеп-гимназияға Бейімбет Майлиннің есімі берілген еді. Көрнекті жазушының атымен аталған оқу ошағы содан бері рухани, мәдени шаралардың ұйтқысына айналғандай. Ұлт өнерін жанына серік еткен жергілікті ақындардың басын қосып, айтыс ұйымдастыруы соның бір жарқын дәлелі болды. Жыр-жарысқа қатысқандардың қатарында аузымен құс тістеген тәжірибелі, өңірге белгілі Ғалымгерей Кенжеғозин, Мамай Ізтілеу сынды шеберлер бар. Сондай-ақ, өлең өлкесінде өз өрелеріне сай сөз баптап жүрген Нұрсұлтан Қасым, Наргүл Қарағұлова бастаған жас өнерпаздар сынға түсіп көрді. Дәмелілер тізімін Жамбыл Тоққожаев (9-сынып,) Абылхайыр Қанафин (9-сынып), Дәйіржан Мәжен (7-сынып), Данияр Нығметов (11-сынып) тәрізді үкілі үміттер толықтырды.
Ақындар бәйгеге арқау болған тақырыптарды қал-қадірінше толғап, парасатты сөз саптауға ұмтылып бақты. Суырыпсалмалық шеберліктері шартпа-шұрт жауаптасу барысында айқын аңғарылып жатты. Ұлт өнерінің кенжелемеуі ақындардың ғана емес, ұлттық жады ояу ұрпақтың, патша көңіл көрерменнің де қолында екенін емеуріндеген есті сөздер айтылды.WhatsApp Image 2019-11-19 at 10.04.25
Талапкерлер мен тарланбоздардың тартысында сөз салмағына, ой орамына, қисын қуатына әділ баға берілді. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Ғалымгерей Кенжеғозин еншіледі. Бірінші орынға Мамай Ізтілеу лайықты деп танылды. Екінші орын – Наргүл Қарағұлованың қоржынында. Ал үшінші орын Нұрсұлтан Қасымға бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен алғыс хат табыс етілді.WhatsApp Image 2019-11-19 at 10.07.35

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓