Майталман журналистің мерейтойы
Қалалық концерт залында тележурналистика саласының майталманы, Қазақстанның құрметті журналисі Гүлжібек Бекмұхамедованың шығармашылық кеші өтті. Биыл мерейлі 65 жасқа толып отырған дарынды жерлесіміздің кешіне облыс басшылары мен зиялы қауым өкілдері, журналистика және мәдениет саласының қызметкерлері, мерейтой иесінің бұрынғы әріптестері мен достары, туыстары қатысты.
Шығармашылық кешке арнайы әзірленген облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы шараның шырайын аша түсіп, кеш қонақтарын ән-күй мен би өнерінің саф туындыларымен сусындатты.
Мерейтой иесіне арналған ізгі тілектер мен ыстық лебіздер легін облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев бастап, аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта «Қадірлі Гүлжібек Байекеқызы, бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз Қазақ ұлттық университетін үздік тәмамдап шығып, бойыңызға дарыған талантыңыз бен тынымсыз еңбектің арқасында отандық тележурналистика саласында өзіндік қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Ең бастысы, сөз қадірін түсінетін зиялы қауымның, қарапайым көрерменнің ыстық ықыласына бөлендіңіз. Облыстық телеарнаның негізін қалауға үлес қосып, қаншама талантты жастарға жол аштыңыз. Кейінгі жылдары «Ақ Орда» атты авторлық студия ашып, тәуелсіз журналистиканы дамытуға ат салыстыңыз. Сіз түсірген деректі телефильмдер тарихтың сырын шертіп, өзекті тақырыптарды қозғайды. Сондықтан олар лайықты бағаға ие болып, ұлттық журналистиканың алтын қорына қосылды. Әсіресе, қостанайлық соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдеріне арналған фильмдеріңіздің орны ерекше. Сізге осы еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін!» – делінген.
Одан кейінсөз алған облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин ақсақал да Гүлжібек Байекеқызының шығармашылық шеберлігі мен адами болмысы жайында тебірене толғады.
Г.Бекмұхамедова 1955 жылы Қостанай облысы, Қамысты ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітіріп, журналистика саласында еселі еңбек етіп келеді. 1990 жылдары жаңадан ашылған Қостанай облыстық телерадио компаниясында бас редактор қызметін абыройлы атқарып, орыс редакциясының негізін қалады. Тобыл өңірінде тележурналистиканың дамуына мол үлес қосты. Гүлжібек Бекмұхамедова 100-ге жуық деректі фильмнің авторы. Оның телетуындылары білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, медицина, спорт, теміржол, кәсіпорындар мен өнеркәсіп салаларын қамтиды. Ол Жеңістің 50 жылдығына арнап «олар өте алмады, Сұлтан!…» телеочеркін, облысымыздың 60-70 жылдығына арналған тарихын зерделейтін, «Жерге табыну», жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге арналған «Президент біздің ой-санамыздың айнасы» , «Бетран Рубинштейн. Ғажайып симфония» Қазақстан ұлттарының ынтымақтастығы мен бірлігіне және алғашқы тың игерушілерге арналған, Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына, Елорда жайында, Қостанай өңірінен шыққан ұлы тұлғалар – Ыбырай Алтынсарин, Серке Қожамқұлов, Ілияс Омаров, Манаш Қозыбаев, Кәмшат Дөненбаева туралы деректі телефильмдер түсірді. Бұл туындылардың дені Қазақ телевизиясының алтын қорына енген.
Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков