Межелі іс тежелісті кешірмейді

Арқаласының әкімі Қайрат Әбішев Өңірлік коммуниация қызметі алаңында қаланың әлеуметтік-экономиалық дамуының он айдағы көрсеткіштерін БАҚ өкілдерімен бөлісті.75394264_616073062464689_3501545914256850944_o
            Есепті кезеңдегі қаланың өнеркәсіп өнімінің көлемі 8 млрд теңгеге жетті. Оның 3,5 млрд теңгесі Торғай боксит кен басқармасына тиесілі. Бұл кәсіпорынның қазіргі ахуалы бүгінде ел тұрғындарына аян. Қала әкімінің сөзінше, өндіріс көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Меже бойынша, мұндағы жұмыстар 2021 жылға қарай аяқталуы мүмкін.
            "Қазір ТБКБ-да 662 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның кен қоры таусылуға жақын қалғандығы туралы мәлім боған күннен бастап, қызметкерлерді жұмыспен қамту шаралары толастаған жоқ. Мұнда еңбек етіп келе жатқан жұмысшылардың барлығы дерік тәжірибелі мамандар. Сондықтан, келісім-шарттар бойынша, 290 адам Рудныйдағы ССКӨБ-те, 150 адам Краснооктябрь кәсіпорнында жұмыстарын жалғастырмақ. 66 жұмысшы зейнет жасына жақындаған. Тағы 111 адамды жұмысқа орналастыру өз міндетімізде", – дейді Қ.Әбішев.
            Келешектері қала әкімдігінің құзырына қарайласқан 111 адамның 50-і "Торғай Ет" зауытына орналастырылып, қалғаны жоспарға алынып отырған Жел станциясы және Кірпіш күйдіру зауытының құрылыстарына жұмылдырылмақ. Мәселен,"Торғай Ет" зауыты әлгіндегі көлемдегі жұмысшыларды қабылдауға дайын. Өйткені, кәсіпорынның қызмет ауықымы кеңейіп, дамудың 2-кезеңіне көшуге бет алған. Мұнда жеке мал шаруашылығы кешені, мал бордақылау алаңы салынып, өндіріс бар қуатына көшсе, жүз шақты адамға дейін жұмыс күшін тартуға қауһарлы.
            "Осы қараша айында "Торғай Ет" цехының ашылғанына бір жыл болды, – дейді зауыт директоры Расул Мұқанов. – Көктем айларында алғашқы өнімдеріміз нарыққа шығарып, тесттік режимде шұжықтарымыз бен консервілерімізден тұтынушыларға дәм татырдық. Нақты деректерге сүйенсек, наурыз айынан бері зауыт 670 бас мал қабылдады. 60 тонна консервіленген ет, 80 тоннадан астам шұжық өндірілді. Өнімдеріміз ең үздік деп танылғанын да айта кету керек".
            "Торғай Ет" өнімдері облыс көлеміне ғана емес, Астана, Ақтөбе, Көкшетау сынды қалалардың сұранысын қанағаттандырады.
            Жалпы, қала экономикасына түскен пайданың басты бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 48 кәсіпкерлік нысаны 267 млн теңгені құрайтын қаржылық қолдауға ие болған. Оған мал шаруашылығы саласында, сауда-саттық қызметі, жүк тасымалы саласында кәсіпорындар ашылып, нәтижесінде 30-дан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Ал жалпы жұмыспен қамту шаралары аясында 815 адам қызметке орналасқан.
            Құрылыс ауқымы да өткен жылмен салыстырғанда 15%-ке артқан. Бұл бағытқа 1 млрд 730 млн теңге жұмсалған. Құрылыстағы жетекші кәсіпорын саналатын "Алюминстрой" ЖШС жалпы ауданы 7 мың шаршы метрден асатын 112 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға берген.
            Қаланың басты мәселелерінің бірі болып келген жылу-энергетикалық орталығын оңалдыру жұмыстары да жүйелі шешімін табу барысында.
            "Қазіргі таңда жаңа жылу орталығының құрылысын бастау үшін конкурс жарияланды. Бұл жұмыстар 2020-2021 жылдары толығымен аяқталуы тиіс. Ол, бұған дейін мәлім болғандай, көмірмен жылытылатын болады. Айта кетерлігі, мазут отынын жағатын ескі орталық та жұмысын жалғастырып, қаланы жылытуға қосымша пайдаланылады", – деді қала әкімі.
         Биыл қаладағы мекемелерге 5 мың тонна көмір жеткізілген. Ал мазутпен қамтуға 900 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 7 мың 400 тонна сұйық отын әкелінді.
            Өзге салаларда да оңды өзгерістер бар. Мәселен, биыл денсаулық сақтау саласына 30-дан астам дәрігер келіп, маман тапшылығы мәселесі толықтай дерлік шешілген. Осы жылы 32 ақ халаттыға үй беріліпті. Білім саласында жетістіктер жылдан-жылға еселеніп келеді. Алдағы жылы қаладағы білім ошақтарының қатары жаңа шағын орталықтармен толықпақ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓