Мәскелеудегі «Екі Жұлдыз»
Редакция ұжымының “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында басылымға жазылу науқанын насихаттауға арналған жұмыстар өз жалғасын табуда. Кезекті шара Әулиекөл ауданының Масколев ауылында өтті. Газет тілшілері Айтолқын Айқадамова, Қарлығаш Оспанова, Шұға Қоңқабай ауыл тұрғындарының, жастардың арасында өнерге деген сүйіспеншілікті дарыту мақсатында ауылдық мәдениет үйінде «Екі жұлдыз» сайысын ұйымдастырды. Іс-шараға жас ерекшеліктеріне қарамастан ауыл өнерпаздары жұп болып, өзара сайысқа түсті. Олардың арасында әртүрлі мамандық иелері, жастар мен мұғалімдерден құралған жұптар бар. Екі бөлімнен тұратын сайысқа жақсы дайындықпен келген жұптар өздерінің өнерімен көрермендерді тәнті етіп, көпшіліктің ықыласына бөледі.
Шара соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, аталған шараны ұйымдастыруға қолдау білдіріп, демеушілік жасаған «Москалевскиое» ЖШС директоры Зейнолла Жаңбыршынов және осы ауылдағы тұрақты оқырманымыз, ақсақал Көкенәки Әбділдаұлы облыстық “Қостанай таңы” газетінің Директор-Бас редакторы Ж.Аязбековтың Алғыс хатымен марапатталды.