Өнегелі отбасындағы өнерлі ұрпақ
Жас ұрпақтың тәртіпті, саналы жан-жақты дамыған, шығармашылықпен жұмыс істей білетін азамат болып қалыптасуы үшін ата-ананың ролі зор. Отбасы адамзат бесігін тербететін ұя болса, баланың бас ұстазы ата-ана. Отбасындағы тәлім-тәрбиенің мақсаты – баланың жасын, жеке ерекшелігін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу.
– Бала – ата-ана өмірінің жалғасы, – деп бастады отағасы Әлім Тайшықұлы. – Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Баланың дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Олар күнделікті отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы және мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Бұл мүмкіндіктерді мектептің мүмкіндіктерімен үйлестіру – табысты тәрбиенің тағы бір негізі. Балаларымыздың жан-жақты болып, әр балам өз орнын тапқанын қалаймын.Үлкен ұлым Досбол №1 Тобыл жалпы білім беретін мектебінде озат оқушы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өнер сайыстарына қатысып, мектепаралық, аудандық, облыстық жүлделерге иегері. Ақбота қызымның дарыны кішкене кезінен көзге түсе бастады. Ақбота №2 Тобыл жалпы бірһлім беретін қазақ мектебінде оқиды. Жеңіс оңайлықпен келмейді гой. Жақында Лисаков қаласында өткен «Маленькая Мисс- 2022» байқауында 8 қыздың ішінен жеңіп «Бас жүлде» алды. Қуанышымызда шек жоқ. Ұрпақтарымыз биік тұғырдан көрінсе ата –ананың да мерейі үстем болады. Қатысқан бүлдіршіндердің өнері бірінен – бірі асып түседі, әділ бағасын берген әділқазыларға мың алғыс. Ал, байқауда басы- қасында болып, дайындаған өнер иелері Кенжегулова Алина Жангельдиновна мен Дмитриевна Ирина Владимировнаға да алғыс айтқым келеді. Балаларым мектеп табалдырығын биыл аттаған Ақжол, Ақнұрда көркемсөз оқып, ән айтып мектепішілік жарыстардың жеңімпазы. Ақбаян балалақша тәрбиеленушісі. Балаларымыз еліне елеулі, халқына қалаулы үлкен азамат болсын, деп анасымен екеуміз балалардың алдағы өмірлеріне өнерде болсын, білімде болсын жол көрсетіп отырамыз.
-Отбасының тәрбиелік қызметі ана және әке болуда, балалармен қарым-қатынаста, оларды тәрбиелеуде, балалардың өз бетімен өсуі кезіндегі жеке қажеттіліктің қанағаттанарлығынан тұрады. Мен өзім балаларым өмірден бәрін білгенін қалаймын, сондықтан сайыстар, байқауларға қатысуына өз үлесімді қосып отырамын. Мысалы, Лисаков қаласында болған «Маленькая Мисс» байқауына 3 апта бойы дайындыққа қалаға қызыммен барып жүрдік. Еңбегіміз жанып, Бас жүлдені Ақботам жеңіп алды. Ақбота қызымның биылғы жылы аудан, облыс, республика бойынша би өнерінен жеңісінің көп болды. Әрине, біріншіден отбасы болып өзіміз қолдап жанында демеуші болдық, ал екіншіден, 4 жасынан ұстаздық еткен хореограф Орлова Евгения Александровнаның еңбегі зор. Әлеуметтік желіде де өз тілектерін жолдап, қызымды қолдаушыларымызға да өте ризамыз.- деп өз қуанышын жеткізді балалардың анасы Әсел Сағындыққызы.
-Менің де отбасым ең бақытты жанұя деп ойлаймын. Қасымда қорған болар әкешім, әлемдегі ең мейірімді жан – анашым бар. Кез келген уақытта қысылмай көмек сұрай алатын, мен дегенде жаны бөлек бауырларымның ортасындамын. Үйімнің жылуы анашымның ыстық құшағында. Ал әкем – үйіміздің тірегі. Ата- ана біздің сапалы білім алуымыз үшін, өмірден өз орнымызды тапсын деп, аянбай еңбек етіп жүрген жан. Үнемі бар білгенін айтып, ақылын-кеңесін аяған емес. Бәріміз бір дастархан басында жиналып, бауырларым Досбол, Ақжол, Ақнұр және кішкентай Ақбаян шұрқырап әңгімелескенде, ерекше бір тәтті сезімге бөленемін. Ал, ата- анамыз біздің қуанышымызды көріп екі есе бақытқа бөленеді. Ата-анамның үмітін ақтау – өмірдегі ең үлкен арманым,- деп аяқтады өнерімен еліктірген, жеңімпаз, биші қызымыз Ақбота Алимқызы.
Бақытты отбасы дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға қайратты әке, мейірімді ана, жадыраған балалар келеді. Шынында да солай. Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр. Әлім Тайшықұлы мен Әсел Сағындыққызы бірнеше рет белсенділіктері үшін Тобыл кенті мен Б.Майлин ауданы әкімшілігі мадақтамаларымен марапатталған. Ата-анасы, бауырлары баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі,» – деп бекер айтылмаса керек. Отбасы – баланың эмоционалды, рухани құндылықтарды бойына сіңіретін ортасы. Осындай бірлігі жарасқан отбасынан шыққан адам ғана өзінің отбасын бақытты ете алады, өмірде жолы болатын тұлға ретінде қалыптасады.
Майра Дүзбайқызы