“Өз үйімнің” игілігі
Қостанайда "Өз үйім" бағдарламасы аясында ҚТҚЖБ салымшыларына 100 пәтер берілмек. Жаңа үйлер "Юбилейный" ықшам ауданында салынуда. Салушы – "БК Строй" компаниясы. Мұндағы үйдің 1 шаршы метрінің құны – 173 500 теңге. Нысандарды осы жылдың соңына қарай өткізу жоспарланып отыр.

Пәтерлерді сатып алу үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" өз салымшыларына жылдық 7% мөлшерлемемен қарыздар беруге дайын. Ол үшін есепшотта бастапқы жарнаның кем дегенде 20%-ы болуы тиіс.
– "Өз үйім" бағдарламасының артықшылықтары көп. Біріншіден, ол нарықтағыдан төмен бағамен тұрғын үйлер ұсынады. Екіншіден, оған біздің облыстың барлық тұрғыны қатыса алады. Мұнда мемлекеттік бағдарламалардағыдай меншікті үйіңнің болуына қатысты шектеу жоқ. Үшінші артықшылығы – жылдық мөлшерлеменің 7%-дан 5%-ға дейін төмендетілуі. Мысалы 5,9 млн теңге тұратын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін есепшотта 1,2 млн теңге жиналуы тиіс. Банк қарыз береді және алғашқы 8 жыл ішінде қарыз бойынша төлем 50 230 теңге болады. Кейіннен бұл көрсеткіш төмендеп, 20 190 теңгеге дейін азаяды. Қарыздың жалпы мерзімі – 19 жыл, – дейді Қостанай облыстық филиалы директоры Дәурен Саудабаев.

Бұл бағдарламаға банк салымшылары осы жылдың қыркүйек айынан бастап қатыса алатыны туралы да айтылды. Ол үшін baspana.kz сайтына кіріп, әркім өзіне ұнаған пәтерді таңдап, өтініш қалдыруы керек. Өтініш осы жылдың қазан айының соңына дейін беріліп үлгеруі қажет, байқау бір айға созылады. Әрине, оған қатысу үшін банкте есепшот ашу қажет. Депозитте кем дегенде 500 000 теңге болуы шарт.




Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков