Шашау шығармайды
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов шекарадағы Қарабалық ауданына барған жұмыс сапарында Lamerc Agro компаниялар тобына қарасты «Өрнек Л.А.» серіктестігіне арнайы барып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Осыдан екі жыл бұрын 30 мың тонна астықты қайта өңдеу мен сақтау бойынша нысан құрылысын бастаған шаруашылық келер жылы жоба жұмысын толық аяқтағалы отыр. Жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын астықты қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау, қайта жөнелту қызметін көрсетеді. Қазіргі уақытта 36 жұмыс орны ашылған. Орташа жалақы 120 мың теңге. Серіктестік аумағына дейін темір жол тартылып тұр. Дайын өнім өңіріміз бен республикамызды айтпағанда, Польша, Латвия, Бельгия, Германия, Қытай қатарлы алыс-жақын шетелдерге шығарылып жатыр.



Серіктестікке қарасты 25 мың гектар егістік жері бар. Оның 7 мың гектарына күрең зығыр, 5 мың гектарына алтын түстес зығыр, 2,5 мың гектарына рапс, қалғандарына арпа, бидай, бұршақ, сұлы өсіреді. Кәсіпорынның толық жұмыс бастауына кедергі де жоқ емес.

– 2017 жылы әкеліп салынған астық кептіргіш қондырғы талап бойынша қазіргі орнынан 18 метрге ауыстырылуы керек. Серіктестік басшысы бұл орасан шығын әрі тиімсіз дейді. Бастапқы орнатып берген мердігер компания жұмысты қайтадан қолға алуға ниет танытпай отыр. Сол себепті, жобаға сол 18 метр жердегі орынға астық кептіргішті қосу ғана тиімді, – С.Фицнер.

Архимед Мұхамбетов аудан басшылығына бұл жағдайды бақылауға алып, тиісті органдармен бірлесіп түбегейлі шешуді тапсырды.
Қыдырбек Қиысхан,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.