Жетім көрсең, жебей жүр
Қостанай облыстық іскер әйелдер қауымдастығы «Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды интернаттан кейінгі сүйемелдеу» жобасын қолға алды. Өйткені, елімізде өмірдің ащы дәмін ерте татқандардың жасөспірімдер үйінен кейінгі жағдайы қиынға соғып отыр. Олардың қоғамға бейімделу, жұмысқа орналасу, баспанамен қамтамасыз етілу мәселелері түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
– Тағдырдың жазуымен ата-анасыз өскен балалар үлкен өмірге балалар үйінің табалдырығынан аттап барып қадам басатыны белгілі. Жасөспірімдер үйінде жүрген кездерінде мемлекеттің қамқорлығында болса, кәмелеттік жасқа толғанда әрмен қарай тағдырлары қалай болады? Өмірде өз жолдарын таба ала ма? Бұл әрқайсымызды мазалауы тиіс мәселе. Сонымен қатар қоғам тарапынан да олардың бейімделіп кетуіне қолдау жетіспейді. Сондықтан жетім балалардың жоғарыда аталған мәселесін өз жобамызға арқау етіп алдық. Себебі, біздің іскер ханымдар отбасында бірі мейірбан әже, бірі аяулы ана, – дейді іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Балбөпе Ертаева.
Қауымдастықтың кезекті семинары Қостанай құрылыс колледжінде өтті. Онда облыстық жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері, тәрбиешілері және білім, әлеуметтік қорғау және жоғары оқу орындарының проректорлары қатысты.
-Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесі – қашан және қай уақытта болмасын әрбір мемлекеттің ең өзекті мәселелерінің бірі саналады. Сөз жоқ, бұл балаларға еліміздің тарапынан қаншалықты жағдай жасалып жатқанымен, ата-ананың аялы алақаны мен мейіріміне жетер не бар? Сондықтан ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға демеу беріп, олардың өмірден өз орнын тауып кетуге көмектессек деген бастаманы қолға алдық, – дейді Қостанай облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Зора Көшкінбаева.
Облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Гүлмира Қапенова өзінің өмір жолын мысалға келтіріп, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға мойымауды, адам өзін ешқашанда жоғалтау керектігі жайында кеңес берді. Гүлмира Аманкелдіқызына тәрбиеленушілер тарапынан қойылған сауалдар да аз болмады. Жеке сот орындаушы палатасының аймақтық төрайымы Несібелі Бәсенова заң саласы бойынша көмек беруге қашанда әзір екенін және де олардың ешқашанда заң бұзбауға, тіпті, қарапайым жол ережесін сақтау керектігіне кеңес берді.
Кездесуде «Тобыл» волейбол клубының ойыншылары, өңірімізде түрлі салада жарқырап көрініп жүрген «Алтын кітап» лауреаттары осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері жайлы айтып берді. Спортқа үйір балаларды волейбол үйірмесіне қатысуға шақырды. Сонымен қатар Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры Г.Мұсабекова, Академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің проректоры Н.Байқадамов жоғары білімнің адамға қашанда қажеттілігі және қазіргі күні осы санаттағы балаларға білім ошағында қандай көмек пен жеңілдіктер бар екенін айтып берді.
Іскер ханымдардың жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері жайлы түсірген «Лаула, әрқашанда лаула» атты бейнеролик көрсетілді.
-Біз бұл кездесуде түрлі сала өкілдерін шақырып отырмыз. Өздеріне өмірлік сабақ алады, ойларына өздеріне қажеттісің тоқиды деп ойлаймыз, – дейді Балбөпе Ертаева.
Бүгінде облыстық жасөспірімдер үйінде 71 бала бар. Осыдан 18 жыл бұрын ашылған төрт қабатты ғимаратта Рудный және өзге де балалар үйінен түлеп ұшқан жеткіншектер мұнда 23 жасқа дейін тұрады. Өмірге бейімдеу үйі ашылғалы 2001 жылдан бері бүгінге дейін талай жас үлкен өмірге жолдама алыпты. Алайда олар ұшқан ұясын, бауыр басқан ортасын ұмытқан емес. Үнемі келіп, қуаныштарымен, қиындықтарымен бөлісіп, мейірімділік танытқан тәрбиешілерімен көрісіп кетеді. Тағдыр тәлкегіне түскен жастар қандай қиындық болса да, мойымай өмір сүруде. Мақсатқа жетер жолы айқын болмаса да, алға қарай талпынуда. Оларды үміт жетелеуде. Болашағы бұлыңғыр, бірақ жолы түзу. Дегенмен «үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» қағидасын берік ұстанғандар және оған зор сенім артқандар.
-Мұндағы балалар жақсы оқиды, кейбірі өңіріміздегі жоғары оқу орындарында, кейбіреуі колледждерде оқып жүр. Қабат сайын бекіткен тәрбиешілері бар. Өздері келеді. Тамақтарын істейді, ертеңгі сабаққа дайындалады. Былтыр 12 бала облыстық өлкетану музейіне жұмысқа тұрды. Түрлі психологиялық жағдайлардың шырмауына түспеуіне, қандай жағдай болса да, өзін-өзі жоғалтпай, сенімді шешім қабылдауда педагог мамандар көмек көрсетеді, – дейді облыстық жасөспірімдер үйінің әлеуметтік педагогы Балтабек Омаров.
Бір байқағанымыз, қамкөңіл балалар болашаққа үмітпен қарайды. Тағдыр тәлкегін тартқан олардың жігерін қатал өмір кұм етпесе дейсің.
Айта кету керек, бұған дейін іскер ханымдар осында бірнеше рет келіп, заңды және психологиялық тұрғыда семинарлар өткізген болатын.
Суреттер облыстық іскер әйелдер қауымдастығының филиалынан алынды.