Жылу жүйесі жаңартылды
1975 жылы іргесі қаланған Қарабалық аудандық орталық ауруханасы ғимаратына 2016 жылдан бері ақтау-сырлау, есік-терезе ауыстыру қатарлы жеңіл-желпі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген. Науқастарға қолайсыз болғаны сол, сенген адамға ғимарат іші бұрын 8 градус қана жылы болыпты. Биыл бұл мәселе шешімін тапқан. 25 миллион теңгеге жылу жүйесі жаңартылды. Келер жылы 180 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов аталған ауданға барған сапарында медицина мекемесіне арнайы барып, жай-күйімен танысты.
Оның сыртында операциялық үстел, наркоздық-тыныс алу аппараты қатарлы медицинаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға тапсырыс берілген екен. Алайда тағы бір басты мәселе бар – ауданға невропатолог, онколог, инфекционист, отоларинголог мамандары ауадай қажет.
– Былтыр өңірімізге жүзден сәл астам дәрігер келген болатын. Биылғы жылы алғаш рет өңірімізге келген дәрігерлердің саны 3 есеге артты. Қазіргі уақытта 260 медицина қызметкерімен толығып отырмыз. Жыл аяғына дейін жалпы келген дәрігерлер саны 300-ге жетеді. Ауылдық жерлерге баратын 90 маманға 135 миллион теңге бөлдік. Солардың бесеуі осы Қарабалық ауданына келіп, қаржылай көтермеақы, баспана алғандар. Қаладағы жас мамандарға да демеушілер тарапынан 100 миллион теңге ақша беріп отырмыз. Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы биыл дәрігерлерге 50 пәтер тапсырылса, келер жылы баспана саны 200-ге жетпекші. Биыл 300, алдағы жылы тағы 300 дәрігер облысымызға келсе, онда маман тапшылығынан құтыламыз. Сол себепті, аудан басшыларына ең алдымен өңірге келген медицина қызметкерлерін баспанамен қамтуды тапсырамын. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен жаңа үйлер салу керек, – деді.