Анасы бар адамдар қартаймайды
Қазақта: – "Жұмақ ананың табанының астында" деген сөз бар. Міне, осыған лайық жанның бірі – Лесхоз ауылының ақылшысы, құрметтісі Рағиза Жақыпова.
Ол – 9 құрсақ көтерген ардақты ана, алайда олардың бесеуінің ғана көзі тірі. Рағиза Балқожақызы бар бейнетті басынан өткерген адам. Тіпті, жастайынан қара жұмыстың қамытын киіп, түрлі салада тер төкті. Тыл кезінде күні-түні тырманың қасында жүріп, көмекші міндетін атқарған. Сол бір қиын-қыстау күнде-рінде аштықты да, жоқтықты да көрген жан.
Рағиза әжей бүгінде сексен жастың төртеуінің төріне шығып отыр. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған. Балалары мен немерелерін қанатының астына алып, үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Жалпы, 20 немересі бар.
Ауылдың ардақтысына айналған аяулы ана, асыл әже "Күміс алқа" иегері. Ұлы Жеңістің 60 және 65 жылдық мерекелеріне орай медальдармен марапатталған.
"Анасы бар адамдар қартаймайды" – демекші, әжейдің шаңырағына шаттық пен береке тілеп, үйдегі нәзік жандарды әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Ғұмырларыңыз ұзақ, күндеріңіз берекелі болсын!
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.