Болашақпен танысу
Челябі мемлекеттік университеті филиалының 4-курс студенттері полицияның қалай жұмыс істейтінін көрді. Бұл шара Жастар жылы қарсаңында Қостанай облысы полиция департаменті мен университет қол қойған меморандумның арқасында жүзеге асып отыр. Студенттердің басым көпшілігі келешекте полицей болуды армандайды.
Экскурсия барысында жастар соңғы техника бойынша жабдықталған жедел басқару орталығының жұмысын бақылады. Департамент музейіне кіріп, полиция тарихымен танысты.
4-курс студенті Алексей Чудненконың айтуынша, мұнда болашақ мамандықтарымен жіті танысуға мүмкіндік көп. Телесериалдан көру бір бөлек, іс жүзінде көру бір бөлек дейді студенттер.
Мысалы, жедел басқару орталығының 102 нөміріне күн сайын шамамаен 450 хабарлама келіп түседі. Жыл басынан бері бейнебақылаудың көмегімен 124 қылмыс ашылып, 31 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция полковнигі Бағдат Итесов студенттерге полиция қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, Ішкі істер органдарына қабылдау шарттарын түсіндірді.
– Болашақ полицейлерге үлкен талаптар қойылады. Бұл кандидаттардың жоғары білім деңгейі, моральдық-іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы және дене шынықтыру дайындығы, – деп атап өтті полковник.
Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полковник Гүлмира Жаңабекованың айтуынша, департаментте студенттерге кәсіби тәжірибеден өту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мұнда жұмыс орындарында полиция жұмысының техникалық жағынан және құжаттамамен танысуға, сондай-ақ тәлімгерлермен бірге оқиға орнына шығуға мүмкіндік беріледі.