Біртуар Байтұрсын
жазушы-журналист Б.Ілиясты еске алуға арналған тағылымды кештен репортаж
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ақын, жазушы-журналист Байтұрсын Ілиястың 80 жылдығына байланысты «Ахметін іздеген Байтұрсын Ілияс» атты еске алу кешін ұйымдастыпды. Тағылымды басқосу Қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Қазақстан Журналистер Одағының 60 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
Тағылымды шараға Байтұрсын ағамыздың замандастары, әріптестері, туған-туыстары мен шәкірттері, университет студенттері қатысты. Еске алу кешінде жазушы-журналистің өмір жолы туралы сыр шерткен фильм көрсетілді.
Қостанай мемлекеттік университеті 1992 жылы құрылды. Ал арада төрт жыл өткенде білім ордасына Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Бұған университеттің сол кездегі ректоры Зұлқарнай Алдамжар мен осы Байтұрсын ілиястың көп еңбегі сіңді. Соңыра білім ордасының ішінен Ахаң мұражайын ашу жоспарланғанда, оған Ахмет Байтұрсынұлы тұтынған заттар, қолжазбалар, басқа да жәдігерлер қажет болды. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Ақжол» экспедициясы ұйымдастырылды. Оған Байтұрсын Ілияс ағамыздың өзі жетекшілік етті. Сол кезде экспедиция мүшелеріне жолбасшы болған, қарт журналист Ибрагим Ағытай былай дейді:
-Байтұрсын ағамның ақындығы, жазушылығы бір төбе ғой, менің ол кісіге бір таңқалғаным, мына адамгершілік деген түсінік үлкен-кішіні талғамайды. Туысшылдық, бауырмалдық деген ұғым да сол сияқты. Сол сапармызды ағамыз Торғайдағы бірнеше туыстарына сәлемдеме апарды. Бұл сәлемдеме қазақта ағайын арасын, бауырлардың арасын қосуға үлкен септігі тиетін дүние. Мен соны өзіме үлкен өнеге тұттым. Ол кісінің екінші бір ерекшелігі-ешқашан ерінбейтін еді. Діттеген мақсаты орындалғанша, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді. Шамалы нәрсеге дегбірсізденіп отырғаны. Сондай тынымсыздықтың арқасында өмірге «Алтын бесік» келді. Бәкең сол жолы көптеген шәкірттерін жарыққа шығарды, өнерге әкелді.
Ибрагим ақсақал әсерлі кеш үстінде университет басшылығына: «Бәкеңнен кеткеннен кейін осы мұражай ешқандай жәдігермен, тарихи құжаттармен толықтырылған жоқ. Университеттің жаңа басшылығы сол олқылықтың орнын толтырса екен деймін. Оны Ахаң туған елде өзі тұрған үйі бой көтерген. Сонымен байланысты үзбеу керек. Сол жақтан да Ахаңа арналған бір мүйіс ашса, оң болар еді. Осыны ескеріңіздер»,- деген жақсы бір ұсыныс тастады.
Кеш үстінде білім ордасының студенттері Байтұрсын ағамыздың «Патша көңіл» жинағынан бірнеше өлеңдерін жатқа оқыды.
-Байекеңді мен бала кезімнен білемін. Мен оныншы класты бітіргенде, ол кісі университет бітіріпті. 1964 жылы Торғайда кездестік. Оған Бидалбек Қарағұлов деген ақын жігіт болып еді, сол апарған. Бәкеңнің сол кезде көк сиямен жазған өлеңдері мәлі көз алдымда. Соның бірі шумағы мынадай:
Айым туа бермейді күнде оңымнан,
Келмей оны тудыру жүр қолымнан.
Ғұмырымды жалғар деп мәңгілікке,
Бақытымды іздеймін жыр жолынан… Сол кезде жазған өлеңі. Бірақ, ол кісі кейін өлеңге біраз жыл салып барып, қайта оралды. Бәкең шынында да жазушылыққа, журналистікке арнайы туған адамдай.Ол кісіден үйренетін нәрсе көп еді. Оның институттан алған білім өте жоғары. Мүмкін бірге оқыған Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғалиевтердің әсері болған шығар. Мектепте де жақсы оқыған… Ол шын мәнінде қаланың баласы болды, неге, өйткені, Торғайды ол кезде қала дейтінбіз. Біз ауылда туып-өссек, ол кісі нағыз қаланың баласы еді. Бәйекең өте мәдениетті, парасатты кісі болатын,-деп еске алды көрнекті ақын, жазушының досы Серікбай Оспанұлы.
Тағылымды кеште ақын Нағашыбай Мұқатов, журналист-жазушы Серік Шайман, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова, аөын Ғайнижамал Бердалинова, ҚМУ профессоры Алмасбек Әбсадықовтар сөз алып, марқұм Байтұрсын ағамыздың әр қырын сөз етті. Шара барысында жазушы туралы «Біз білетін Бәкең» естеліктер жинағының тұсауы кесілді.
Кеш соңында жазушының інісі, белгілі журналист Мейраш Жүнісбеков еске алу кешін ұйымдастырған университет басшылығына, келген қонақтарға әулеті атынан алғысын айтты.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ