Өз ісінің шебері
Адамнан арнаулы білімді, кәсіби шеберлікті, еңбек дағдылары мен жауапкершілікті, тіпті тәуекелге бел байлауды қажет ететін сан түрлі мамандық бар. Мысалы, жоғары қуатты желілердің электромонтері бас айналдырар биіктікте істейтінін білеміз. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Бірнеше апта бұрын Евгений Скопа электрлік берілістің жоғары қуатты желілерінің 6-шы разрядты электромонтері еді. Енді "KEGOC" акционерлік қоғамы "Сарыбай ЖЭЖ" филиалы электрлік беріліс желісі қызметінің шебері атанды.
"Сарыбай ЖЭЖ" – жүйеаралық электр желілері базасы Қостанай облысының негізгі өндірістік орталықтары – Қостанай және Рудный қалаларының арасында орналасқан. Қуаты 1150 киловольт болатын қосалқы станса. Қазақстаннның электр энергиясы жүйесінің бірден-бір операторы – KEGOC компаниясы электр энергиясын жеткізушілер мен ірі тұтынушылар арасын байланыстыратын буын. Сарыбай жүйеаралық электр желілері "тоқты" Екібастұздан алады және өз өңірін, сондай-ақ көршілерін электр қуатымен қамтамасыз етеді. Осы жерден, мысалы, электр қуаты Астанаға және Ресейдің Шұбаркөліне беріледі. "Үш қорек көзі автомобиль жолдарының күрделі түйіскен жерін еске салады. Тек бұл Сарыбай жүйе-аралық электр желілерін Троицк мемлекеттік өңірлік электр стансасымен және Көкшетаумен, ал қорытындысында сан мың тұтынушымен байланыстыратын жоғары вольтты жолдар, ал тұтынушылар энергетиктердің қалай жұмыс істейтінін де байқамайды, өйткені электр қуаты күрделі технологиялар, техника және орасан зор адам еңбегінің арқасында емес, бейне бір табиғат құбылысы сияқты өздігінен үздіксіз беріліп жатқандай сезінеді", – дейді желілер қызметінің бастығы Юрий Ефимович Гулицкий.
Осынау техноәлемдегі адам да осал емес. Мысалы, Сарыбай ЖЭЖ электромонтерінің әдетте жоғары білімі, жақсы дене әзірлігі мен адамгершілік негізі, яғни жауапкершілігі болуы тиіс. Кадрлық іріктеу өте мұқият жүргізіледі, егер денсаулығы жараса адам 30 жаста да, 50 жаста да бірдей табысты және кәсіби шеберлікпен биіктікте жұмыс істей алады. Жұмысқа қабылданатындар міндетті түрде медициналық комиссиядан өтеді. "Бізде кадр тұрақсыздығы, кадр тапшылығы деген атымен жоқ. Егер бос орын бола қалса, тілек білдірушілер біз қабылдайтын саннан асып түседі",– дейді Юрий Гулицкий.
Жұмыстың қиындығына, ұзақ мерзімді іссапарлармен байланысты екеніне қарамастан осылай. Ал жұмыс өте қиын, өйткені желілер мыңдаған шақырымға созылып жатыр және оның бәрі бақылауда болуы тиіс.
"Біздің жүйеде желіде не болып жатқанын жан-дүниесімен сезіне алатын адам ғана табысты жұмыс істей алады. Бұл лауазымға қарамайды, кәсіби шеберлік қажет. Евгений Скопа – нағыз кәсіби маман, сосын да ол жоғары қуатты желілердің 6-шы разрядты электромонтеріне дейін өсті, енді шебер атанды. Ол өзінің міндеттерін жетік біледі", – дейді Юрий Гулицкий.
Евгений Скопа шынында да өз ісінің шебері, сонау биіктікке қорықпастан көтеріліп, жоғары қуатты желілердің жай-күйін дәрігер сияқты байқап біледі. Қыздары 16 жастағы Юлия мен 10 жасар Елена әкесін мақтан етеді.
Евгений Анатольевич Сарыбай жүйеаралық электр желілеріне KEGOC құрылғанға дейін 1995 жылы келді, ал бүгінде осы қуатты энергетикалық компанияның абыройлы және білікті өкілдерінің бірі болып табылады. Міне қазіргі заман үрдісі – Евгений Скопа оның акционерлерінің бірі болуды ойлап жүр.
Бүгінде энергетиктер "KEGOC" АҚ акциялар пакетінің қазақстандық қаржы нарығына "Халықтық ІРО" бағдарламасы бойынша шығарылуын күтуде. Евгений зайыбы Ольгамен бірге халықтық инвестор болу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Евгений Анатольевич электр энергетикасы саласы ел экономикасы үшін берік негіз деп біледі. "KEGOC" АҚ-на келер болсақ, аталмыш компания жабдықтарды жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу жөнінен жоспарлы жұмыс жүргізуде, сонымен қатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.
Евгений Скопа – KEGOC маңызды іс тапсыра алатын сенімді қызметкерлердің бірі. Бізге ол биіктікпен достықты қажет ететін өз жұмысы туралы қызықты етіп айтып берді. Электромонтер 22- 47 метр биіктікке дейін көтеріледі.Электр желілері бағандарына арнаулы техникамен шығады. Егер техникаға жол болмаса өз бетінше көтерілуі керек. Ауаның температурасының және желдің күшінің, өрт қауіпсіздігі мен әріптестер қолдауының қаншалықты маңызды екенін, "шексіз арқанның" қалай қолданылатынын да білдік.
Сарыбай жүйеаралық электр желілерінде біз нағыз кәсіби, білікті, ынтымақшыл ұжымның жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Мұндағылар өз міндеттерін абыройлы атқаруда – электр қуатының үздіксіздігін, желілердегі тәртіп пен қауіпсіздікті, өңір экономикасы мен халықтың өсіп отырған қажеттіліктерін қамтамасыз етуде.
Мнауара
Қабдрахметова