ИНТЕРНЕТТЕН ОҚЫП ЖҮР…
Интернеттің өмір сүру салтына айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Әлеуметтік желіге тіркелмеген адамды кезіктіру қиынның қиынына айналды. Дегенмен, ғаламторды әркім өз қажетіне қарай қолданады: бірі жедел ақпарат алмасу мүмкіндігі деп таниды, бірінің қызметі желілермен тығыз байланысты, ал біреуі үшін, бар болғаны, ермек, қызығушылық… Қостанай тұрғындары үшін ше? Олар интернеттің игілігін неден көреді екен? "Қостанай таңы" жанындағы әлеуметтік-эмперикалық зерттеу орталығының халық арасында жүргізген биылғы сауалнамасының нәтижесінен үзінді келтірейік.Сонымен, сауалнамаға қатысқан облыс тұрғындарының 51,8%-ы интернетті жеке мұқтаждығына ақпарат іздеу үшін тұтынады екен. 42,9%-ы әлеуметтік желілерде, топтарда қарым-қатынас орнату үшін қызықтайтын болып шықты. 30,1%-ы – жастардың үлес салмағы болса керек – музыка, видео, фильмдер көшіру, көру, тыңдау үшін жиірек ғаламторға жүгінеді. Халықтың 29,9%-ы интернетті халықаралық жаңалықтарды оқу үшін қолданады.
Қалаларда тұратындардың басым бөлігі (48,2%) – "ғаламтордың бар қызығы – әлеуметтік желілерде отыру, өзгелермен қарым-қатынас құру" деп есептейтін жандар. Бұдан кейінгі орын (46,1%) жеке мұқтаждығына ақпарат іздейтіндер шоғырына тиесілі. Интернетті көбінесе әлемдік оқиғалардан хабардар болу үшін тұтынатындар (29,8%) "үздік үштікті" қорытындылайды.
Аудандар бойынша 57,3% респондент қызметтік мақсатта ақпарат іздейді, 37,6%-ы әлеуметтік желілер мен топтарда әңгімелесу үшін, 30,9% музыка, видео көшіру, тыңдау үшін қолданады, 30,1%-ы – халықаралық жаңалықтардан хабардар болып отыруды жаны қалайтындар.
Байқағандарыңыздай, өзге нұсқалардан гөрі әлеуметтік желілердің виртуалды тұрғынына айналуды интернеттің жалқы игілігі деп санайтындар басым. Қазір не көп – әлеуметтік желінің түрі көп. Оларды қолдану да талғам мен жас ерекшеліктеріне қарай жіктеледі. Мәселен, орта есеппен, облыс бойынша сауалнамаға қатысқандар ішінде "Одноклассники" желісін тұтынушылар үлесі көп болып шықты – 43,1%. Мектеп жасынан бастап танымалдыққа ие "ВКонтакте" желісін өзгелерден артық көретіндер екінші орында – 41,6%. YouTube команиясының өнімдеріне бүйрегі бұратындар – 38,9%, Google+ тұтынушылары – 34,5%.
Облысқа қарасты қалалардың тұрғындары ВКонтакте (46,9%), Instagram (43,7%), YouTube (39,1) және Одноклассники (36,2%) желілерін жиі қолданады. Нақты қалалар бойынша жіктер болсақ, Арқалық (50%) және Қостанай (49,6%) қалаларында "ВКонтакте", Лисаковта – "Одноклассники" (52,9%), Рудныйда – YouTube (66,9%) желісінде отыратындар басым.
Ал ауылдық жерлердегілер "Одноклассники" (49,8%), Google+ (38,9%), YouTube (38,7%) және "ВКонтакте" (36,4%) желілерін көп пайдаланады. Айталық, Алтынсарин ауданының тұрғындары Instagram (50%) және YouTube (60%) желісіне таңдау жасады. Қарасулықтар (55,2%) және денисовтықтар (50%) "ВКонтактеде" көп отырады. Қарабалықта YouTube (71,9%), Федоровта Facebook (50%) кең танымал. "Одноклассники" Науырзым (70,6%) мен Меңдіқара ауданында (69%) көп тараған. Ешқандай желіге қызықпайтындар Жітіқарада көбірек екен (24,5%).
(Қалалар мен аудандардағы көрсеткіш)
Аталған әлеуметтік желілердің танымалдық себептері қарапайым: респонденттерді жаңа әлеуметтік байланыстардың пайда болуы, ойын-сауықтық сипаты мен анонимдігі қызықтырады. Бұл ақпараттық қоғам жағдайында тұлғааралық коммуникация табиғи арақатынастан виртуалды шеңберге ауысқанын көрсетеді…
Қазір ғаламның әр бұрышын жазбай қадағалап отыратын "жалғыз көзді" смартфон деген құдірет кім-кімнің де қолында бар. Бүкіл әлемді "үлкен ауылға" айналдырып, "астаналық/провинциялық" стереотипін талқандаған интернеттің пайдасы да, зияны да қыруар. Тек соның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуді білгенге не жетсін!
Ж.Жүсіпбек
("Қостанай таңы" жанындағы әлеуметтік-эмперикалық зерттеу орталығының деректері бойынша)